Қарағанды облысында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылуда
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын анықтау және жою жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, Шет ауданы бойынша өткізілген рейдтік шаралар барысында заңсыз төгілген қоқыстың үш ошағы анықталды. Бұл туралы тиісті хат аудан әкімдігіне жолданып, қоқыс үйінділерін жою қажеттілігі ескертілді. Нәтижесінде Мойынты ауылындағы екі орын мен Ақсу ауылы маңындағы республикалық автожол бойы тазартылып, қоқыс толығымен шығарылды.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 28 тамыз күні Шашубай елді мекенінде де рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою жұмыстары қайта жанданды.
Аталған акция аясында Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы аумағында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мұнда 5 бірдей заңсыз қоқыс орны жойылды. Олар:
Шахтинск тасжолы бойы;
Долинская көшесі;
Якуб Колас көшесі, 1-үй;
Якуб Колас көшесі, 34-үй;
Федоров саяжайлар ауданы – Шиповниковая мен Клубничная көшелерінің аралығы.
Экология департаменті рұқсат етілмеген үйінділерді анықтап, оларды жою бойынша бақылау мен тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл бастама табиғатты қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Тазалық – ортақ міндет!
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»