Қарағанды облысында балалар үшін заманауи жоғары технологиялық операциялар қолжетімді бола түсті

Қарағанды қаласында енді колоректалдық аурулары бар балаларға заманауи, минималды инвазивті операциялар жасалады, және бұл емдеудің барлығы МӘМС жүйесі аясында толық тегін көрсетіледі. Бұл ата-аналардың балаларын республикалық орталықтарға жіберу қажеттілігі болмайтынын, балалардың өз қаласында-ақ жоғары технологиялық медициналық көмек алатынын білдіреді.

Алғашқы пациенттердің бірі – ішектің туа біткен ақауы бар бір жасар сәби. Ата-анасы тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада қажетті талдаулардың барлығын тапсырып, кейін Қарағанды көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жүгінген. Сол жерде балаға минималды инвазивті операция жасалды.

«Біз қатты уайымдадық, бірақ бәрі тез және асқынусыз өтті. Дәрігерлер әр кезеңді түсіндіріп, үнемі қолдау көрсетіп отырды. Ең маңыздысы – операция тегін. Басқа қалаларға барудың қажеті болмады, бәрін осында, үйде жасады. Біз бүкіл командаға өте ризамыз», – деп бөлісті кішкентай пациенттің анасы.

Бұл әдістерді енгізу «Мүмкіндік» бағдарламасы аясында өткізілген мастер-кластардың арқасында мүмкін болды. Мастер-кластарға Ресейдің танымал маманы, профессор, медицина ғылымдарының докторы И.В.Киргизов қатысты. Ол минималды инвазивті операцияларды жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, жергілікті хирургтар болашақта бұл операцияларды өздері жасай алуы үшін жаңа әдістерді үйренді. Мастер-кластар барысында шамамен 30 операция жасалып, кішкентай пациенттердің ата-аналарына 50-ге жуық консультация берілді.

Облыстық балалар ауруханасының балалар хирургиясы орталығының жетекшісі Бейбіт Бердібеков бұл мүмкіндіктің өңір үшін маңыздылығын атап өтті:

«Енді мұндай операциялар Қарағандыда жасалады. Бұл – біздің кішкентай пациенттеріміз үшін заманауи, қауіпсіз және қолжетімді ем. Ата-аналар баласының үйге жақын жерде, МӘМС аясында тегін, жоғары білікті көмек алатынына сенімді бола алады. Мастер-кластар біздің хирургтарға үздік мамандардың тәжірибесін меңгеруге және оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді. Бұл – өңірдегі балалар хирургиясының дамуы үшін үлкен қадам».

Минималды инвазивті операциялар – бұл кең тілік жасамай, кішкентай тесіктер, табиғи жолдар немесе қан тамырлары арқылы жүргізілетін хирургиялық араласулар. Бұл әдістер тіндердің зақымдануын барынша азайтуға бағытталған, нәтижесінде қалпына келу уақыты қысқарады, асқынулар азаяды, ауырсыну төмендейді және госпитализация мерзімі қысқарады. Бұл әсіресе кішкентай пациенттер үшін аса маңызды.

Осылайша, Қарағанды бүгінде балаларға заманауи, қауіпсіз және қолжетімді хирургиялық көмек көрсетілетін өңір ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Ата-аналар енді республикалық орталықтарға баруға уақыт пен күш жұмсамай, баласының денсаулығына алаңдамай-ақ қоя алады.