Қарағанды облысына жарты жылда 200 мыңнан астам турист келген
Қарағанды облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Биыл алты айла аймаққа 200 мыңнан астам турист келді, ал салаға тартылған инвестициялар көлемі 19 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 23 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Бұл туралы өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, туризм облыстың қызмет көрсету саласындағы негізгі қозғаушы күштердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай серпін берген.
Бұқар жырау және Балқаш бағыттарында жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Балқашта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құралдары арқылы инвесторларға шипажай мен қонақүй салуға арналған екі жер телімі берілген. Сондай-ақ туристік индустриялық аймақ құру жұмыстары басталды. Онда инвестициялық жобаларды орналастыруға арналған жер учаскесі анықталып, тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Көлік жолы салынып, электр және су желілері тартылған.
Қарағанды – Балқаш автожолының реконструкциясының аяқталуы қаланың қолжетімділігін арттырып, жаңа индустриялық аймақты инвесторлар үшін тартымды ете түсті. Жақын уақытта Балқаш әуежайының жаңғырту жұмыстары да аяқталады. Нысанның өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға дейін ұлғайып, әуе қатынасының географиясы кеңейеді.
Туризм үшін тағы бір маңызды бағыт – Қарқаралы. Ондағы «Бұғылы» демалыс аймағында 75 гектар аумақта заманауи туристік кешен салынуда. Қазіргі таңда инженерлік желілер тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Облыс орталығында VISIT QARAGANDA туристік ақпарат орталығы ашылды. Ол Қарағанды өңірін ішкі және халықаралық нарықтарда ілгерілетуге бағытталған.
— Биыл туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 19 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артты. Қонақүй және демалыс орындарының саны 13,1%-ға көбейіп, 277 нысанға жетті. Туристер легі де 29,2%-ға өсті — жарты жылда облысқа 200 мыңнан астам адам келді, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысына жарты жылда 200 мыңнан астам турист келген
