Қарағанды облысы – инвесторлар сенім артқан өңір
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, инвестиция тарту – экономиканың негізгі драйверінің бірі. Осы бағытта Қарағанды облысы да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Биылғы сегіз айда өңірге 644 млрд теңге қаржы құйылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артты. Бұл туралы аппараттық кеңесте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев мәлімдеді.
Жыл соңына дейін жалпы көлемі 1,5 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр. Қазіргі таңда 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі.
Инвесторларға өңірде қолайлы жағдай жасалған: «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Саран индустриялық аймағы дайын инфрақұрылым және салықтық жеңілдіктер ұсынады. Сондай-ақ «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
– Облыста іскерлік белсенділік артып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 101 мыңнан асты. Биыл 3,8 мың кәсіпкер субсидия, кепілдік, грант және жеңілдетілген несие арқылы қаржылай қолдау алмақ, – деді Асқар Ғазалиев.
Бүгіннің өзінде бірнеше ірі жоба іске қосылды. Ыстық мырыштау зауыты, Samsung маркалы теледидар мен кір жуғыш машиналар шығаратын өндіріс орындары пайдалануға берілді. Металлургиялық кремний өндірісі қайта қалпына келтіріліп жатыр. Осакаров ауданында қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Жақын уақытта болаттан тік дәнекерлі құбырлар, алюминий радиаторлары мен кремнийлі қорытпалар өндірісі жолға қойылады.
Ауыл шаруашылығында да ауқымды жобалар бар: Осакаров ауданында ең ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталып, жыл соңына дейін сыйымдылығы 1200 басқа арналған алғашқы кезең іске қосылмақ.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы қатаң бақылауда екенін атап өтті:
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында инвестицияларды қай салаға бағыттау қажеттігін нақты айтты. Жобаларды дайындау мен іске асыруға әкімдер жеке жауапты. Инвесторларда мәселе туындаған жағдайда, заң аясында жедел шаралар қабылдануы тиіс, – деді өңір басшысы.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

