Қарағанды облысы бойынша ҚХА өкілдері жас аналарды Шаңырақ күнімен құттықтады

Наурыз мейрамын мерекелеу онкүндігі аясында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Наурыз – базарлық» атты акция өткізді.

17 наурыз, яғни Шаңырақ күні Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп Қарағанды қаласының перзентханаларында жаңа туған сәбилердің аналарын мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті.

Акция Қарағанды қаласының үш перзентханасында өтті. Қарағанды облысы ҚХА атынан көпбалалы аналарға, атап айтқанда, Облыстық клиникалық аурухананың №1 перинаталдық орталығында егіз баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана Зәмзәгүл Сағынаеваға, Облыстық клиникалық аурухананың №2 перинаталдық орталығында 6-баланы дүниеге әкелген Жайнағұл Исмаиловаға және Акушерлік-гинекологиялық орталықта осымен 4-рет ана атанған Айдана Тұрлыбекке естелік сыйлықтар мен гүлдер табысталды.

– Белгілі болғандай, биыл Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өтудеміз, 14 наурыздан бастап Наурызды қарсы алып, тойлауды бастап кеттік. Сол наурызнамаға орай бүгін, 17 наурыз Шаңырақ күні, перзентханаларды аралап, дүниеге жаңа қазақстандықтарды алып келген аналарды ассамблея мүшелері атынан құттықтап жүрміз. Бұл жерде жерлесіміз Зәмзәгүл есімді келіншек дүниеге егіз батырды алып келген екен. Осы сәбилер ертең жаңа Қазақстанды жаңғыртатын болады. Барлығына денсаулық, бақыт тілеп жатырмыз. Наурызда барша қазақстандықты, Қарағанды облысының тұрғындарын шын жүректен құттықтап, тек қана жақсылық тілейміз, әр үйде, әр жанұяда осындай қуаныш болса берсін, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнәр Қасымбаева.

Зәмзәгүл Сағынаева үшін бұл – бесінші босану, оның төрт баласы бар, енді олардың саны алтыға жетті. Наурыз мейрамының алғашқы күні (14 наурыз) егіз сәбиді дүниеге әкелді.

– Енді мен алты баланың анасымын. 14 наурыз күні егіз ұлымды дүниеге алып келдім, бұл – біз үшін өте қуанышты жаңалық. Жалпы, наурыз айы – біз үшін өте ерекше ай, себебі ұлдарым дүние есігін ашқан күн жолдасымның да туған күні болатын, ал өзімнің туған күнім 22 наурызда. Барлық қазақстандыққа тілейтінім – денсаулықтары мықты болсын, Наурыз әр жанұяға құт-береке әкелсін, сәбилер көп болсын, олар елімізді көркейте берсін. Екі қыз, екі ұлым бар еді, енді, міне, тағы екі ұл келді дүниеге. Елін сүйетін азамат болсын деп есімдерін Елнар, Елдар деп қойдық. Әрине, алғаш рет перзентханада осындай құттықтау алып жатырмын, өте қуаныштымын. Күтпеген жағдай болды, бір ерекше сезімде тұрмын, елеп-ескеріп жатқандарына көп рақмет, – деп Зәмзәгүл Сағынаева алғыс білдірді.

Наурызнаманың төртінші күні, яғни 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда «шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салт болған. Жалпы, Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасы аясындағы Шаңырақ күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.

Атап өтейік, биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.

 

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»