Қарағанды НЗМ оқушылары «Террикон алқабы» IT-хабынан стартапқа грант жеңіп алды
21 қаңтар мен 18 сәуір аралығында Қарағандыдағы «Террикон алқабы» IT-хабы жас стартаптарға қолдау көрсететін GrowthHack Инкубаторын ұйымдастырды. Финалдық кезеңге сегіз команда жолдама алып, олардың үшеуі грант иегері атанды. Солардың бірі — қарағандылық Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған команда.
Команда құрамында Әмірхан Сандыбаев, Вадим Назаренко және Әміржан Байкенжин бар.
Олар диабетпен өмір сүретін адамдарға арналған DiaBalans атты мобильді қосымша жасап шығарды. Бұл қосымша қолданушының физикалық көрсеткіштерін (қан қысымы, қанықтылық деңгейі, инсулинге төзімділік және т.б.) бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек қабылдауды еске салып, эмоциялық жағдайын да қадағалап отырады. Яғни, бұл — денсаулық күнделігі іспеттес жеке көмекші.
«Біздің мақсатымыз — диабетпен күресіп жүрген адамдарға өмір сүруді жеңілдету. Өйткені біз бұл дерттің салдарын өзіміз де сезіндік», — дейді топ капитаны Әмірхан Сандыбаев.
GrowthHack Инкубаторы стартап бастамасын ұйымдастыруда, командалық жұмысты дұрыс құруда және тәжірибелі менторлармен байланыс орнатуда үлкен көмек көрсеткен.
DiaBalans — диабетпен өмір сүруде тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін инновациялық шешім. Қосымша әзірге тестілеу кезеңінде, бірақ команда оны жетілдіріп, көпшілікке қолжетімді етуді жоспарлап отыр.
«DiaBalans қосымшасын жасап шығару арқылы біз өзіміз сияқты көптеген адамдарға пайдалы боламыз деп сенеміз. Алдағы уақытта мүмкіндігінше көп адам қолдана алатындай деңгейге жеткізгіміз келеді», — дейді команда мүшесі Вадим Назаренко.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»