Қарағанды мен Теміртауда ауаның ластануына әсер ететін факторлар анықталды

«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, желсіз ауа-райы мен температура инверсиясы атмосферадағы зиянды заттардың жиналуына әсер етеді. Зиянды бөлшектердің көбеюіне үйлерді жылытуға арналған отынның жануы және көлік құралдарының шығарындылары себеп болады. Температура инверсиясы жағдайында ауа температурасы биіктеген сайын өседі, бұл атмосфералық ауаның жоғары көтерілуіне кедергі келтіреді. Мұндай кезде жылы ауа суық ауа қабатымен «қысылып», жер бетіне жақын орналасады.

Қалыпты жағдайда түтін жоғары көтерілуі керек болса, инверсия кезінде ол жер бетінде қалады. Осылайша, шығарындылар атмосферада химиялық реакцияларға түсіп, түтін түзеді. Соңғы күндері Қарағанды ауаның ластануы бойынша рекордты жаңартуда дейді, қала тұрғыны Айман Сағатай. Қала қою қара түтіннің астында қалды, деген тұрғын жағдай жақсарса екен деп тілейді.

– Демалудың өзі қиын, кешке қарай түк көрінбейді. Адам денсаулығына зиян келеді. Жел болса, түтін азаяды. Ауаны таза ұстау керек деп ойлаймын. Сүйікті қаламыздың ауасы таза болса екен дейміз, базар маңындағы үйлерде қою түтінді жиі бақылауға болады, – дейді Айман Сағатай.

 

«Қазгидромет» РМК ауаның ластану деңгейін үздіксіз бақылап отырады. Алайда, Қарағанды облысы экология департаментінің мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған күндері арнайы құралдармен қала аудандарында ауа сапасын өлшейді. Қолданылған өлшемдерге сәйкес, газбен жылытуға қосылған жеке секторлардың ауасындағы зиянды заттар мөлшері рұқсат етілген шекті концентрациядан аспайды. Ал көмірмен жылытылатын аудандарда бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Қарағанды және Теміртау қалаларындағы ірі кәсіпорындарда санитарлық-қорғау аймақтарында ауа сапасы ай сайын өлшенеді. Облыстағы ірі кәсіпорындарда мұндай өлшеулер тоқсанына бір рет өткізіледі. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК-дан атмосфералық ауаның жоғары немесе экстремалды ластанғаны туралы телефонограмма келіп түскен жағдайда қосымша өлшемдер жүргізіледі екен. Экологтар мен «Қазгидромет» мамандарының бірлескен жұмысы зиянды шығарындылардың деңгейін бақылауға және қолайсыз жағдайларда халыққа дер кезінде ақпарат беруге бағытталған. Ауа сапасын жақсарту үшін жеке секторларды газдандыру және тиімді жылу жүйелерін енгізу маңызды рөл атқарады.

– Қарағанды облысының экология департаментінің мамандары, қаламыздың атмосфералық ауасына аспаптық өлшеу жұмыстарын жүргізді. Өлшемдер Оңтүстік-Шығыста, Майқұдықта, Пришахтинскте ұйымдастырылды. Өлшеу жұмысы кезінде күйе, азот оксиді және диоксиді, күкірт диоксиді және күкіртті сутекке көрсеткіштер алынды. Өлшем нәтижесі бойынша ауада рұқсат етілген концентрациядан 1,5-4 шамасында күйенің артық мөлшері тіркелді. Жер үйлер орналасқан аумақта, ауаның ластануы жиі тіркеледі. Таңертең, түсте, кешке бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Барлық үй көгілдір отынға көшсе, мұндай проблема орын алмайтын еді, – дейді Қарағанды облысы экология департаментінің бас маманы Римма Рахимбекова.

Ауа сапасын жақсарту – ортақ міндетіміз, деген эколог мамандар, халыққа ескерту жасап,  қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күндері сыртқа аз шығып, денсаулыққа зиян тигізбеу үшін қорғаныс шараларын қабылдауға кеңес береді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»