Қарағанды мен Грузия арасындағы байланыс нығая түсті
Қарағанды облысы мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықты дамыту мәселелері облыс әкімдігінде өткен кездесуде талқыланды. Өңірге танысу сапарымен Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе келді.
Елші Леван Диасамидзе Қарағанды облысы басшылығына жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Грузия арасындағы серіктестік байланыстардың одан әрі нығаятынына сенім білдірді.
Бүгінде Қарағанды облысының кәсіпорындары өндірген өнімдерін әлемнің 50-ден астам еліне экспорттайды. Облыс аумағында бірлескен өндірістерді жолға қоюға мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақтар да жұмыс істейді.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі, өңірдің экспорттық әлеуетіне тоқталып:
«Экспортқа шығару мүмкіндігі бар, сондай-ақ мұнда бірлескен өндірістерді ұйымдастыруға да болады. Кадр да, өндірістік қуат та, жалпы мүмкіндік те жеткілікті. Мұның бәрін жүзеге асыруға болады. Облыстың аумағы да үлкен», – деді.
Кездесу барысында тараптар Қарағанды мен Грузия арасындағы әріптестікті кеңейту жолдарын, инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады.
Бұл сапар екі ел арасындағы серіктестік байланыстарды тереңдетуге және өңір экономикасын дамытуға жаңа серпін бермек.

