Қарағанды мектептеріне «Е-асхана» жүйесі енгізіле бастады

Қарағанды қаласының мектептеріне «Е-асхана» жүйесі енгізіле бастады. Ол арқылы ата-ана баласының асханадағы тамақ мәзірін көріп, қаржылық шығынын бақылап отырады. Ал жүйені пайдаланған оқушылар ұзын сонар кезекте тұрмайды, тіпті бірқатар жеңілдіктерге ие болады. Бұл қосымша жақында аймақтың барлық 180-ге жуық білім ордасына енгізілмек.

Мектеп асханасында кассалық аппарат, ақпараттық монитор мен терминалдың тұруы о баста көзге оғаш көрінгені рас. Алайда оқушылар бұған тез бейімделіп алыпты. «Е-асхана» жүйесінің артықшылығын кез келген оқушы қазір санап тұрып айтып береді. Мысалы, №101 мектеплицейінің оқушысы Гүлім Ұмытқан: «Біз бұрынғыдай кезекте тұрмаймыз, барлық алған заттарға 10 процент жеңілдік болады. Мына жерде менің теңгерімім, яғни ата-анам салған ақша, тамақты алатын жеке QR-кодым тұрады. Оған осында келіп өзім қалаған тәтті тамақты ала аламын. Мектеп асханасындағы тамақтың бәрі дәмді», – дейді.

Қосымша ата-аналар үшін де тиімді. Балаларының не ішіп, не жегені, қаржыны қандай саудаға жұмсағаны олардың ұялы телефондарына СМС-хабарлама арқылы келіп тұрады. Мамандар оқушылардың қалтасына ақша салып жүрмегені пайдалы болмаса, зиян емесін айтады. Аталған ақпараттық жүйені әзірлеуші қарағандылық Рустам Әбішев: «Бұл жүйеде ата-ана өз аккаунтын ашып, кейін оған баласын тіркеп қояды. Кейін сол жерден баласының қаржыны қайда және қалай жұмсағанын, қандай тамақ жегенін көріп отыра алады. Сондай-ақ баласының картасына комиссиясыз ақша аудара алады», – деп отыр.

Жалпы, Қарағанды қаласы бойынша қазір оқушылардың жалпы санынан 108 886 оқушы немесе 99,2% тегін ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 86 792-сі – 1-4 сынып оқушылары. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 21 607 оқушы жаппай оқыту қоры есебінен тегін тамақтанады. Мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру Қазақ тамақтану академиясы оқушыларының тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттарға (үш жас тобы: 7 жастан 10 жасқа дейін, 11 жастан 14 жасқа дейін, 15 жастан 18 жасқа дейін) және білім беру объектілеріне қойылатын санитариялықэпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын көрінеді.

Жеткізілетін азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігі өнімнің әрбір түріне сертификаты болуымен айқындалады. Сиыр, құс еті мен жұмыртқасына ветеринариялық анықтамалар беріледі. Тамақтануды ұйымдастыру талаптарына сәйкес, барлық ас қою блоктарында бейнекамералар орнатылған.

Білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан: «Бүгінгі күні облыс бойынша 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтануда. Сонымен қатар осал әлеуметтік топтан шыққан балалар да тегін тамақтанады. Оның бәрі жүйелі ұйымдастырылған. Ас мәзірі Қазақ ұлттық тағамтану академиясымен бекітілген», – деп отыр.

Атап өткен жөн, облыста бүгінгі күні 1-4 сыныпта оқитын 85 мыңға жуық оқушы бір мезгіл тегін тамақтанатындар қатарында. Бұл жүйе ең бірінші болып қаладағы №101 және №104 мектепке орнатылған. Алда тағы 20-шақты мектеп тұр. Кейін барлық 200-ге жуық оқу ордасының асханасы осындай жүйемен қамтылатын болады.

Расул МҰХАММЕД,

QH.