Қарағанды – Кубок жеңімпазы

Қарағанды облысының әйелдер құрамасы Қазақстан Кубогында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте топ жарды. Бұл тарихи жетістік ел астанасы Астанада 26–29 мамыр аралығында өткен додада тіркелді.

Жарыс нәтижесінде қарағандылық балуандар бес жүлде жеңіп алды: үшеуі — алтын, біреуі – күміс, және біреуі – қола. Команда 110 ұпай жинап, үздік атанды. Екінші орында Алматы (105 ұпай), ал үшінші орынды Ақмола облысы (104 ұпай) иеленді.

Алтын медаль иегерлері — Ирина Жәнібекова (53 кг), Зульфия Яхьярова (55 кг) және Эльмира Сыздықова (76 кг).

Күмісті Ангелина Первухина (55 кг), ал қоланы Гүлдана Бекеш (62 кг) еншіледі.

– Біздің құрамадан 13 спортшы қатысты. Бесеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Дайындық жұмыстарын Қарағандыда өткіздік. Жаттықтырушылар мен қолдау білдірген барлық жандарға ризашылығымды айтамын. Бұл нәтиже – командалық бірліктің жемісі. Қыздарымыз өте жақсы формада болды. Бұл жарыс – қыркүйекте Хорватияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінің бірі. Қатысуға мүмкіндік бар, – деді команда бапкері Владислав Сутормин.

Келесі маңызды сын – бір айдан кейін Түркияда өтетін халықаралық турнир. Одан соң рейтингтік жарыстар басталады. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша әлем чемпионатына жолдамалар сарапқа салынады.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»