Қарағанды кәсіпкерлеріне жаңа тыныс: «Даму» қоры бизнесті қолдаудың тиімді жолына көшті
Қарағанды облысында кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау жаңа қарқын алды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл ауқымды трансформациядан өтіп, жұмыс жүйесін түбегейлі жаңартты. Енді қордың көмегіне жүгінген кәсіпкерлер қаржыны жылдам, қолжетімді және нақты шарттармен ала алады.
«Даму» қоры бұрынғыдай үш негізгі бағытта жұмыс істейді: жеңіл несие беру, қарыздарға кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Бірақ бұл жолы құралдардың ішкі құрылымы жаңарып, тиімділігі айтарлықтай артқан.
«Мемлекеттік қолдау құралдары шағын және орта бизнесті дамытуға, олардың өсіп-өркендеуіне және жұмыс орындарын ашуына қозғаушы күшке айналуы тиіс. Кәсіпкерлердің табысы – бұл өңірлік экономиканың тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасының артуы», – дейді Қарағанды облысы бойынша «Даму» қорының өңірлік филиалының директоры Мұхамед Абдулин.
Қаржылық қолдау жылдам әрі нақты
Маусым айында іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы – жаңа жүйенің басты жаңалығы. Енді кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзіммен, жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, бизнесті кідіріссіз жүргізе алады.
Қарағанды облысында осы бағдарлама арқылы 66 жоба жүзеге асып, 18,3 млрд теңге қаржы игерілген. Бағдарлама пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың тиімді баламасы саналады, себебі кәсіпкер үшін бастысы – уақыт пен тұрақтылық.
Кепілдік екі күнде рәсімделеді
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 млрд теңгеге дейінгі және одан жоғары жобалар үшін екі «Кепілдік қоры» іске қосылды. Кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге енді қор екі жұмыс күні ішінде кепілдік беріп, несие сомасының 85%-на дейінгі бөлігін жаба алады.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында 20,5 млрд теңгеге 116 кепілдік шартына қол қойылып, оның 13,7 млрд теңгесін Қор өз мойнына алған.
Бұл көрсеткіштің өзі – бизнестің нақты серпін алғанының дәлелі. Өңірлік жобалардың көбі өңдеуші өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және сауда саласында іске асып жатыр.
Табысты мысалдар – экономикалық өсім айғағы
Қарағанды кәсіпкерлері арасында «Даму» қорының қолдауын сезінгендердің бірі – «Sigma Corporation» ЖШС. Компания Қазақстандағы кабель муфталарын өндіретін жалғыз зауыт. Мұнда 50-ден астам адам еңбек етеді, ал өнімдері еліміздің әр аймағына және шетелге экспортталады.
«Біз кабель арматурасын өндіру технологиясын үнемі жетілдіріп отырамыз. Қаржыландыру ғылыми-зерттеу жұмыстарын арттыруға, сынақ санын көбейтуге, жаңа өндірістік желілерді іске қосуға мүмкіндік береді», – дейді компанияның коммерциялық директоры Ксения Русакова.
2023 жылы «Даму» қоры бұл компанияның несиесінің жылдық 13,25 пайыздық мөлшерлемесін субсидиялап, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік берген.
Тағы бір табысты жоба – «Котлы KZ» компаниясы. Оның негізін қалаушы Андрей Березин алғашқы қазандықты өз үйі үшін жасап көрген еді. Бүгінде бұл шағын шеберхана 150-ден астам қызметкері бар, Ресей мен Қырғызстан нарығына өнім экспорттайтын ірі кәсіпорынға айналды.
«Даму қоры – бұл өте тиімді құрал. Соның арқасында біз өндірістік ғимаратты сатып алып, жұмысымызды кеңейттік. Субсидиялау бизнестің жүктемесін азайтады және жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді компания директоры Данил Березин.
2023 жылы «Котлы KZ» компаниясы Bank RBK арқылы өндірістік ғимаратты сатып алуға және жабдық алуға несие рәсімдеді. Қор жылдық 12,75 пайыздық мөлшерлемесін субсидиялады.
Жергілікті брендтер – халықаралық нарықта
Ал «WEC Trade» ЖШС өз тарихын 2016 жылы автокөлік жууға арналған химия өнімдерінен бастаған. Қазір компания экологиялық тұрмыстық химия шығаратын, халықаралық стандарттарға сай өнімдерімен танылған брендке айналды.
2025 жылы кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 120 млн теңге несие алып, оған қоса 29 млн теңге кепілдік иеленді. Қордың қолдауының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, өндіріс қуаты артты.
Компанияның өнім ассортиментінде 90-нан астам атау бар, барлығы биоыдырайтын компоненттерге негізделген.
«Біздің миссиямыз – адамдардың өмір сапасын арттыру. Уақыт пен ресурсты үнемдеп, денсаулықты сақтауға көмектесетін адал әрі тиімді өнім шығару», – дейді компания өкілдері.
Экономикалық нәтижеден әлеуметтік әсерге дейін
Жыл басынан бері «Даму» қоры Қарағанды облысында 19,7 млрд теңгенің 81 жобасын субсидиялау құралы арқылы қолдаған. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлердің аймақ экономикасына қосқан үлесі артқан.
Қор нарықтық емес қолдау шараларынан біртіндеп тұрақты және ұзақ мерзімді экономикалық механизмдерге көшіп келеді. Бұл – бизнесті қорғаудың жаңа мәдениеті, кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы сенімнің көрсеткіші.
Қарағанды кәсіпкерлері үшін «Даму» қорының жаңа форматы – қағазбастылық емес, нақты нәтиже. Қаржыланған жобалар – тірі экономиканың көрінісі, ал кәсіпкерлердің жетістігі – өңірдің өркендеуінің айғағы.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»