Қарағанды – кәсіби шеберлік пен болашақ мамандар орталығы

Қарағанды облысы тағы да еңбек пен кәсіби шеберліктің ордасы екенін дәлелдеді. Жастардың қолынан іс келетінін көрсететін үлкен алаңға айналған өңірде заманауи технологиялар мен инновациялық оқыту әдістері енгізілуде. Осы бағыттағы ірі шаралардың бірі – WorldSkills Karaganda 2025 чемпионаты. Аталған сайысқа облыстың 39 колледжінен 300-ге жуық жас маман қатысып, өз қабілеттерін IT, робототехника, дизайн, аспаздық өнер секілді 40-тан астам бағытта сынға салды.

– Бізде дайындық қызу өтті. Әркім өз саласында мықты болуға талпынды. Бұл жарыста орын алу үшін барымызды салып жатырмыз, – дейді Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің 3-курс студенті Диас Ынтықбай.

Қытаймен ынтымақтастық – жаңа кәсіптерге жол

Қарағанды колледждері енді Қытай Халық Республикасымен бірлесе отырып, сұранысқа ие 210 заманауи мамандық бойынша оқытуға кіріспек. Бейжіңнен арнайы келген делегация «210 жоба» аясында екіжақты білім беру ынтымақтастығын нығайтуда. Бұл – Қазақстанда әлі енгізілмеген жаңа кәсіптерді үйренуге жол ашатын маңызды бастама.

Лю Яо Чжун, Бейжің білім беру орталығының директоры:

«Біз Қазақстанда сұранысқа ие жаңа мамандықтарды дамытқымыз келеді. «210 жобасы» аясында Қарағандыдағы 5 колледжбен келісімге келдік. Енді студенттер онлайн білім алып, үздіктері өндірістік тәжірибеден Қытайда өте алады».

Шеберлік – іс жүзінде

WorldSkills чемпионаты жастар үшін тек бәсеке емес – кәсіби дамуға үлкен мүмкіндік. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің 4-курс студенті Руслан Әбішев оқуымен қатар нақты өндірісте еңбек етіп жүр. Оның айтуынша, чемпионат – кәсібін шыңдап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаң.

– Жастық шақ – жүрек қалаған іспен айналысатын кез. Біз бұл чемпионатта өз шеберлігімізді барынша көрсетуге тырысамыз. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе, – деп атап өтті Руслан Әбішев.

«Жаңа кәсіптер атласы» – болашақтың бағдары

Аймақта «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленіп, болашақта сұранысқа ие болатын, бүгінгі таңда қалыптасып келе жатқан және жойылу қаупі бар кәсіптер топтастырылды. Соның ішінде аддитивті технологиялар, мультимедиалық дизайн, киберқауіпсіздік сияқты салалар ерекше назарда.

2024 жылы Қарағанды өңіріндегі колледж түлектерінің 90,8%-ы жұмыспен қамтылған. Бұл – өңірдегі білім беру жүйесінің еңбек нарығымен тығыз байланыста екенін көрсетеді. Сондай-ақ Қарағанды колледждері Қытай, Германия, Жапония, Беларусь, Өзбекстан және Түркия елдерінің оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып, жұмысшы мамандықтарды халықаралық деңгейге шығаруға қадам жасап отыр.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»