Қарағанды көшелері: Тарих пен тағылым
Қарағандының әрбір көшесі – тұтас тарихтың, ұрпақ сабақтастығының, қаланың жүріп өткен жолының куәгері. Әр көше, әр бұрыш белгілі бір оқиғамен, тұлғамен байланысты. Тарихи маңызы зор көшелердің бірі – Доскей Әлімбайұлы есімімен аталатын көше. Бұл көше – Қарағанды қаласының құрылу кезеңімен қатарласып жатқан өзіндік ерекшелігі бар тарихи нысан.
Бастапқыда атауы болмаған бұл көше Орталықтың ақиық ақыны Доскей Әлімбайұлының есімімен аталды. Ақынның үйі сол көше бойындағы Сәтбаев пен Ерубаев көшелерінің қиылысында орналасқан еді. Кейін ол жерде кітап дүкені ашылып, көшеге рухани нышан берді. 1940 жылы Доскей көшесінің атауы ресми түрде бекітілді. Сол уақыттан бері бұл көше Қарағандының тарихымен, дамуымен бірге жасасып келеді. Доскей көшесінің ерекшелігі – оның тарихи тұрғыдан қаламен құрдас болуында. Қаладағы негізгі инфрақұрылым қалыптаса бастаған жылдары бұл көшенің алғашқы ғимараттары пайда болды. 1932-1937 жылдар аралығында оңтүстік пен солтүстікті, шығыс пен батысты байланыстыратын жолдар құрылып, жаңа қаланың қаңқасы жасалды. Бұл – Қарағанды қаласының алғашқы қадамдары болатын. Қаладағы көшелердің бірі – Саттар Ерубаев есімімен аталады. 3 шақырымға созылған бұл көше бойында музейлер, мектептер, кітапханалар, Оқушылар сарайы сияқты маңызды нысандар орналасқан. Белгілі жазушы әрі журналист Саттар Ерубаевтың өзі 1931-1935 жылдары Қарағандыда жұмыс істеп, шахтерлар өмірін суреттеген көптеген шығарма жазды. Бұл көшенің тарихи маңызы зор, себебі ол қаланың рухани және мәдени дамуының айнасы іспеттес.
Ұлағатты ұстаз, «Еңбек ардагері», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері Айбарша Күленбаева да Қарағанды көшелерінің тарихын ерекше құрметпен еске алады:
– Қарағанды – тек қана ғимараттар мен көшелерден құралған қала емес, бұл – тағдырлар тоғысқан мекен. Әр көше, әр үй, әр бұрыш белгілі бір тарихты сақтап отыр. Мысалы, Доскей Әлімбайұлы атындағы көше – рухани мұра, ал Саттар Ерубаев көшесі – шығармашылық пен білімнің үлгісі. Біз, ұстаздар қауымы, өскелең ұрпаққа осы тарихты үйретіп, көшелердің тек атау емес, мағына екенін түсіндіруіміз керек. Қалада жүргенде оның әр тасында, әр көгалында өткеннің ізі бар екенін сезіну – адамға рух береді, – дейді қала тұрғыны.
Айбарша Исатайқызы сондай-ақ Қарағандының жыл санап көркейіп, жаңарып жатқанына да тоқталды:
– Қала жылдан жылға жасарып, жаңарып жатыр. Ескі көшелер қайта жаңғыртылып, айналасын әдемі саябақтар мен көгалдар қоршауда. Құрылысшылар салған әрбір ғимарат тарихқа айналуда. Бұл – тек қаланың дамуы ғана емес, адамдардың өміріне жаңа тыныс беру. Бүгінгі жастарға қаланың тарихын түсіндіру – біздің парызымыз. Қала көшелері мен ғимараттарын көргенде, оның әр кірпіші өткеннің бір бөлігі екенін ұмытпауымыз керек, – деп атап өтті ол.
Қарағанды – тағылым мен тарихтың ордасы. Оның әрбір көшесі, әрбір ғимараты келешекке жететін ұлы мұра. Сондықтан қала тарихын сақтау – әр тұрғынның міндеті.
Қанағат КҮЛШЕБАЕВА,
«QH»