Қарағанды – инновациялар алқабы

Қарағандыда Terricon Connect атты ірі технологиялық форум өтіп, жас IT-мамандар мен стартаперлер өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Бір күнге Қарағанды нағыз цифрлық инновациялар мен жаңа идеялардың орталығына айналды. Форум аймақтың ғана емес, тұтас елдің цифрлық дамуына серпін беретін маңызды оқиға болды.

Форум аясында ақылды автотұрақтар, әділ әрі ашық жөндеу сервистері, жасанды интеллект арқылы басқарылатын қалалық жүйелер сынды заманауи бастамалар таныстырылды. Бұл жобалардың барлығының ортақ мақсаты – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеру.

Форумның ресми ашылуында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтың цифрлық трансформацияға бағытталған нақты жоспарларын атап өтті.

– Біз жаңа экономикалық дәуірге сенімді қадам жасап келеміз. Мұнда өнеркәсіп саласымен қатар цифрлық технологиялар да дамып, өңір экономикасының ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл өзгерістердің басты қозғаушысы – еліміздегі алғашқы өңірлік IT-хаб «Террикон алқабы». Ол мемлекет, бизнес және шығармашыл жастардың мүдделері тоғысқан экожүйе, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Қарағанды облысының алдына айқын мақсат – Орталық Азиядағы цифрлық құзыреттер орталығына айналу, IT-қызметтер экспортын арттыру және болашақтың кәсіби мамандарын даярлау.

Облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Константин Ильницкий Қарағандының IT-индустрия саласындағы жетістіктерін атап өтті:

– Соңғы жылдары облыс IT-да Астана мен Алматыдан кейін үздік үштік қатарында келеді. Бірақ біздің мақсат көшбасшы болу және жаңа трендтер қалыптастыру. Өңірде жүзеге асқан жобалардың көпшілігі басқа аймақтардың да қызығушылығын тудырып отыр, – деді ол.

Мысал ретінде ол ақылды автотұрақ жүйесін, сондай-ақ жасыл желектерді есепке алу платформасын келтірді. Бұл шешімдер экологиялық және көлік инфрақұрылымын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Форумдағы ерекше жобалардың бірі Smeta Hub стартапы. Оның авторы Тимур Дурмаганбетов бұл идеяны жеке тәжірибесінен кейін қолға алған.

Бұл мобильді қосымша пайдаланушыларға жөндеу жұмыстарының нақты құнын есептеуге, смета жасауға және болашақта қауіпсіз онлайн мәмілелер жүргізуге мүмкіндік береді.

– Біз адал әрі ашық құрылыс мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Жасанды интеллект шығындарды оңтайландырып, тапсырыс беруші мен мердігердің мүдделерін бірдей қорғайды, – дейді Тимур Дурмаганбетов.

Көрмеде көпшіліктің назарын аударған тағы бір жоба Parking.kz жүйесі. Онда нейрожелі бос автотұрақ орындарын автоматты түрде анықтайды. Сервис форум өткен Достық үйінің алдындағы тұрақта бірден сынақтан өтті. Қала бойынша орнатылған камералар бос орындарды белгілеп, мәліметтерді нақты уақыт режимінде көрсетеді.

Қазір жоба авторлары жүйені «Яндекс.Картамен» біріктіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл өз кезегінде жүргізушілер үшін қалалық қозғалысты анағұрлым ыңғайлы әрі тиімді етпек.

Форум тек тәжірибелі кәсіпкерлердің емес, жас инноваторлардың да алаңына айналды. Солардың ішінде небәрі 12 жастағы Платон Нечаев ерекше көзге түсті. Ол өзінің экологиялық тақырыптағы авторлық кітаптарын және табиғатты қорғауға арналған EcoPlaton телеграм-ботын таныстырды. Боттың мақсаты – балалар мен ересектерге экологиялық әдеттерді қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға үйрету.

Форум барысында стартаптар көрмесі, панельдік пікірталастар, стартап-батл және инвесторлармен Terricon V-Night форматындағы кездесулер өтті. Terricon Valley компаниясының бас директоры Сабыр Ниязов форумға деген қызығушылықтың жоғары болғанын айтты:

– Terricon Connect-тің басты мақсаты — қарағандылық стартаптарды елге таныстырып, қатысушылар арасындағы серіктестік байланыстарды нығайту. Сонымен қатар, жергілікті жобалардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашу, – деді ол.

Күні бойы қатысушылар GameDev, жасанды интеллект, цифрлық сервистер мен жаңа экожүйелерді дамыту бағыттарын талқылады. Сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өңірдің цифрлық болашағына қатысты нақты ұсыныстар айтты.

Форум қорытындысында Қарағандының инновациялық әлеуеті жоғары екені және жергілікті стартаптардың ел экономикасына елеулі үлес қоса алатыны тағы бір мәрте дәлелденді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»