Қарағанды футболындағы қарқын
Қарағанды футбол мектебінің түлегі Глеб Макридов халықаралық деңгейде бағын сынауға мүмкіндік алды. «Шахтёр» футбол клубының жартылай қорғаушысы Испанияның алпауыт клубтарының бірі – Атлетико Мадрид командасының оқу-жаттығу қаралымына шақырту алды. Аталған мүмкіндік футболшыға Freedom QJ League маусымының үздік ойыншысы атанғаны үшін арнайы марапат ретінде ұсынылған. Бағдарлама жас таланттарды халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған. Осы жоба аясында Глеб Макридов шетелдегі оқу-жаттығу жиынына қатысуға грант жеңіп алды.
Өткен маусым жас футболшы үшін ерекше табысты болды. 19 жастағы шабуылшы 19 матчқа қатысып, қарсыластар қақпасына 19 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген. Мұндай көрсеткіштер оның жоғары деңгейдегі ойыншы екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, ол турнир қорытындысы бойынша алаңда өткізген уақыты (4502 минут) мен нәтижелі әрекеттер саны (39) бойынша лига рекордын жаңартты.
Маусымаралық кезеңде Макридов «Шахтёр» клубының негізгі құрамымен бірге жаттығып, жолдастық кездесулерде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Атап айтқанда, бірнеше матчта екі бірдей гол соғып, кәсіби деңгейге тез бейімделіп келе жатқанын аңғартты. Бұл оның алдағы уақытта үлкен футболда өзін көрсетуге толық әлеуеті бар екенін білдіреді.
Айта кету керек, Мадридке сапар әзірге танысу және тәжірибе алмасу форматында өтеді. Қазіргі таңда қандай да бір келісімшартқа қол қою туралы нақты келісім жоқ. Дегенмен, мұндай мүмкіндік жас ойыншы үшін аса маңызды. Ол еуропалық футболдың талаптарымен танысып, өз деңгейін бағалап, халықаралық тәжірибе жинақтай алады. Клуб өкілдерінің айтуынша, осындай қысқа мерзімді тағылымдамалар қарағандылық футболды жүйелі дамыту стратегиясының бір бөлігі. Бұл бастама болашақта қазақстандық футболшылардың шетелдік клубтарда ойнауына жол ашуы мүмкін.
Атлетико Мадрид – Испания футболындағы ең беделді клубтардың бірі. 1903 жылы құрылған команда Ла Лига чемпионатын 11 рет жеңіп алған. Сонымен қатар Испания кубогын 10 мәрте иеленіп, халықаралық аренада да жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, клуб үш рет Еуропа лигасының және УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанып, Чемпиондар лигасының финалына да бірнеше рет шыққан.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

