Қарағанды – болашақ чемпиондардың ордасы
Қарағанды облысында еліміздің футбол саласы үшін маңызды жоба жүзеге аса бастады. Бұл халықаралық стандарттарға толық сай келетін заманауи футбол академиясының құрылысы. Жаңа нысанның басты мақсаты жас таланттарды анықтап, оларға кәсіби деңгейде дайындық алу мүмкіндігін жасау.
Болашақ футболшыларға арналған бұл кешен UEFA және FIFA талаптарына толық сәйкес келеді. Академия аумағында бірнеше жаттығу алаңы, спорт залы, оқу бөлмелері, медициналық орталық, жатақхана және әкімшілік ғимараттар салынбақ. Мұның бәрі жас спортшылардың жан-жақты дамуына бағытталған.
Аталған жоба Қарағанды өңірінде бұған дейін болмаған ауқымды бастама. Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, академияның құрылысы бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Толық аяқталуы 2027 жылға жоспарланып отыр. Жаңа нысан іске қосылған соң, жүздеген бала кәсіби деңгейде жаттығу жасап, ел футболының дамуына өз үлесін қоса алады.
Қазақстан футбол федерациясы соңғы жылдары футбол инфрақұрылымын халықаралық деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Соның нәтижесінде елімізде UEFA және FIFA стандарттарына сай академиялар мен жаттығу орталықтары көбейіп жатыр. Қарағандыдағы бұл жоба сол бастамалардың жалғасы.
FIFA мен UEFA сарапшылары Қазақстандағы спорттық инфрақұрылымның сапалы дамып келе жатқанын атап өтті. Олар жаңа академияның FIFA Talent Academy бағдарламасына ену мүмкіндігі жоғары екенін мәлімдеді. Бұл мәртебе әлем бойынша санаулы орталықтарға ғана беріледі және ол академияның оқу-жаттығу процесі мен инфрақұрылымының жоғары деңгейін көрсетеді.
Жоба жүзеге асқанда, Қарағандыдағы академия тек облыс жастарына ғана емес, еліміздің басқа аймақтарынан келетін талантты футболшыларға да мүмкіндік береді. Мұнда балалар тек футбол ойнауды ғана емес, дұрыс тамақтану, тәртіп пен командалық рух секілді кәсіби дағдыларды да меңгереді.
Футбол академиясының құрылысын бастау – ел спортының жаңа кезеңге қадам басқанының белгісі. Бұл жоба Қазақстанның футбол әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ойыншыларды тәрбиелеуге жол ашады. Келешекте дәл осы академиядан шыққан түлектер ұлттық құраманың негізгі тірегіне айналады деген сенім бар.
Ералы ҒАНИ,
«QH»