Қарағанды балық тәлімбағы – экожүйе тұрақтылығының кепілі
Қарағанды балық тәлімбағының негізгі мақсаты – су айдындарындағы биологиялық әртүрлілікті сақтау арқылы балық өнімділігін арттыру және гидробиологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экожүйені сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аймақтың балық шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Дәл 50 жыл бұрын Қарағандының маңында еліміз үшін маңызды кәсіпорын – балық тәлімбағы өз жұмысын бастады. Содан бері бұл мекеме тек өңірдің ғана емес, тұтас Қазақстанның балық қорын молайтуда, табиғи тепе-теңдікті сақтауда жетекші рөл атқарып келеді. Жарты ғасыр ішінде тәлімбақ мыңдаған шабақты су айдындарына жіберіп, саланың тұрақты дамуына үлес қосты.
– Біздің шаруашылықтың жалпы аумағы – 1 400 гектар. Шабақ өсіретін тоған саны – 12. Сонымен қатар, тауарлы балық өсіруге арналған тоғанымыз – 14. Қыста балықты ұстап тұру үшін қыстақ тоғандары да бар, – деді «Қарағанды балық тәлімбағы» ЖШС директорының орынбасары Нұржан Жәкен.
Қарағанды балық тәлімбағы тек популяцияны қалпына келтірумен шектелмейді. Мұнда жыл сайын мың тоннаға жуық тауарлы балық өсіріліп, аймақтың ішкі нарығына жаңа, сапалы өнім жеткізіледі. Сонымен қатар мекемеде уылдырықты өнеркәсіптік әдіспен өндіру жолға қойылып, жаңа өсіру технологиялары сынақтан өтуде. Бұл – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экожүйе тепе-теңдігін сақтау жолындағы маңызды қадам.
– Тоғандардың өндірістік қуаты – жылына 971 тонна тауарлы балық. Алайда, судың құнының тұрақсыздығына байланысты біз толық қуатта жұмыс істей алмай отырмыз. Қазіргі кезде жылына 100-150 тонна балық өсіреміз. Көпшілік балықты суға тастадың да, ол өзі өседі деп ойлайды. Бірақ бұл – үлкен еңбек. Уылдырықтан бастап, біреудің қармағына не дастарқанына жеткенге дейін. Бұл кемінде 3-4 жылдық жұмыс, – дейді Нұржан Жәкен.
Бүгінде Қарағанды балық тәлімбағы тұрақты жұмыс істегенімен, толық қуатта даму үшін мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Сала мамандарының айтуынша, субсидия тек материалдық-техникалық базаны жаңартуға емес, балық өсірудің негізгі көзі – су алуға да бағытталуы тиіс. Бұл мәселе Нұра-Сарысу аймақаралық балық шаруашылығы инспекциясында өткен жиында көтеріліп, саланың өзекті түйткілдерін шешуге арналған нақты ұсыныстар талқыланды.
– Маусым айында Мемлекет басшысы аквакультура туралы заңға қол қойды. Бұл заң аквакультураның тұрақты дамуына, балық шаруашылығы субъектілеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары енгізілді. Атап айтқанда, су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау, кредиттеу мен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған, – деп атап өтті Нұра-Сарысу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.
Қарағанды облысында балық шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп келеді. Саладағы өндірістік және инвестициялық шығындарды өтеу мақсатында мемлекеттік субсидиялау көлемі кеңейтілді. 2024 жылы облыс әкімдігі осы мақсатқа 386 миллион теңге бөлсе, биыл 29,5 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде өңірдің балық шаруашылығы қорында 180 су айдыны бар, олардың үшеуі – республикалық маңызы бар. Бұл – саланың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
– Осы мереке қарсаңында барлық балық шаруашылығы қызметкерлерін, ардагерлерді, әріптестерді және осы салаға қатысы бар жандарды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Алда атқарылатын жұмыс көп, бірге еңбек етеміз, – деп қосты Бекзат Махажанов.
2024 жылы Қарағанды облысындағы балық шаруашылығы субъектілері тарапынан балық ресурстарының популяциясын арттыру мақсатында 12 миллионға жуық шабақ су айдындарына жіберілді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»