ҚАРАҒАНДЫ ҚАШАН ҚОЗҒАЛЫСҚА ҚОЛАЙЛЫ БОЛАДЫ?
Пандустардың орнатылуы қозғалысы шектеулі жандардың мәселесін толық шеше алмайды. Жолдардың бордюрлары, мекемелердің сатылары да қозғалысқа қолайлы болуы керек. Мекеме басшылары бұл мәселені қолға алмаса, сотқа жүгінуге тура келеді, — деді қала әкімі.
Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалалық нысандарды ыңғайландыру мәселесі талқыланған жиында инфрақұрылымның қазіргі жағдайын ашып айтты:
Қазір көптеген кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелердің басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Алайда, еш нәтиже шықпаса, заң алдында жауап береді.
Сондай-ақ, жиналыста қазіргі қаланың қозғалысқа қолайлылығы туралы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы баяндама жасады.
— Біз күн сайын жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімімен бірлесіп, қолжетімділік картасын толықтыру үшін қала нысандарына барып, тексереміз. Сәулет бөлімі мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолайлылық деңгейін бағалайды. Сонымен бірге қауіпсіз, жайлы ортаның қамтамасыз етілуін қадағалаймыз. Мекеме басшыларына арнайы белгіленген стандарттар көрсетілген төлқұжаттар беріледі. Өкінішке қарай, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, сауда, ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері, мемлекеттік мекемелер мен қалалық әуежай бекітілген талаптарға сай емес. Бұл нысандарда санитарлық аймақтар, нашар көретіндерге арналған тактильді бағыттаушы белгілер, мүгедектер арбасына таңылған адамдарға арналған қоңырау түймелері жоқ. Сәулет басқармасы қаланың 45 нысанына рейд жүргізді. Оның 12-сі ғана сертификаттаудан өтіп, 100% қол жетімділікке ие болды, — деп мәлімдеді Қуат Бектемесов.
Қарағанды қаласының әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы Жанай Ысқақов көптеген мекемелердің аумағында мүгедектерге арналған жеке автотұрақ жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, қалалық супермаркеттердегі кассаларда мүгедектерге қызмет көрсетудің басымдылығын көрсететін белгілер, дүкендердің көпшілігінде санитарлықгигиеналық қондырғылардың жоқтығын атап өтті. Осы объектілердің әкімшілеріне айтылған ескертулерді жою үшін бір ай уақыт берілген.
— Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған мүгедектерге 100% кедергісіз қозғалысты қамтамасыз ету бойынша Жол картасын бекіткенін атап өткім келеді. Жоба автомобиль және теміржол көлігі саласындағы қолайлылықты да қамтамасыз етеді, — деді Жанай Ысқақов.
Жиында қала әкімінің балалар мен отбасылардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесшісі Татьяна Савицкая мүмкіндігі шектеулі жандардың қайта даярлаудан өтіп, жұмысқа орналасуы қиын екендігін алға тартты. Ол қайта даярлау орталықтарының бірде-бірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы пандустар мен мамандықтардың жоқтығын айтты.
— Біз осы мәселе бойынша екі маңызды бағыт әзірледік. Біріншісі – пандустар. Қалада 42 жеке меншік оқу орталығы бар. Дәл осы орталықтар жұмысшылардың біліктілігін арттырумен, сондай-ақ қайта даярлаумен айналысады. Олардың ешқайсысында пандустар жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бұл мекемелерге кіру қиын. Екінші мәселе – ұсынылған бос жұмыс орындарының мүмкіндігі шектеулі жандарға сай келмеуі. Бұл проблеманың шешімін табу керек, — дейді Татьяна Ивановна. П
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.