Қарағанды – ғарыш айлағы
10 ақпанда Қала күні мерекесіне орай №6 мектепте «Қарағанды – ғарыш айлағы» атты танымдық кеш ұйымдастырылды. Кеншілер шаһарының өткенін жаңғыртқан мерекелік шарада қала тарихына қатысты қызықты деректер, танымал тұлғалар жайында мәліметтер айтылды.
Мерекелік кешке қаланың дамуына сүбелі еңбек сіңірген ардагерлер құрметті қонақ ретінде шақырылған екен. Қазыналы қарттарымыз авиация және космонавтика бағытында тынғылықты мағлұмат берер музейді тамашалады. Иә, Қарағанды – өндіріс ошағы ғана емес, білім мен ғылымның, оның ішінде ғарыш ілімін дамытуда айрықша орны бар мекен. Көп айтыла бермейтін бұл мағлұмат №6 мектеп музейінде айрықша көрініс тапқан екен. Ардагерлер де оқу ордасының бастамасына оң баға берді.
Тарихи музейге еліміздің әр өңірінен арнайы ат арылтып келетін тұлғалар да көп. Соның бірі ұлт батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Ғарышкерлер музейіне өткен жылдың 19 сәуірінде арнайы келіп қайтқан.
Авиация саласы мен ғарыш жайында ғылыми дәйекті, қызықты деректер топтастырған, ғарышкерлер өмірі турасында сыр шертер музейді осыдан 30 жыл бұрын қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мағрипа Кәрібекова жасақтаған.
Ғарышкерлеріміздің еңбектерін жандандыру жолында еселі еңбек еткен қазақ тілі пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз, Ғарышкерлер музейінің төрайымы Мағрипа Кәрібекова алғашқы космонавт ғарышқа ұшқанда аядай ғана шығын бұрыш ашып, оған алғашқы материалын қойғанын, 30 жыл бойы ғарышты насихатап келе жатқанын айтты.
Арман ӘБІЛҚАСЫМ