Қарағанды қара өлеңнің қағбасы

Қарағанды қаласында дәстүрлі «Қарағанды көктемі» республикалық поэзия фестивалі биыл да жалғасын тапты. Жыл сайын өңір әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын бұл мәдени шара бүгінде кеншілер шаһарының әдеби брендіне айналып үлгерді.

Биылғы фестивальдің ерекшелігі – оның әдеби сыншыларға арналуы. Бұған дейін прозашылар қатысқан жоба бұл жолы сөз өнерінің сапасын саралап, бағыт-бағдар беретін сыншылар қауымын бір алаңға жинады. Еліміздің әр өңірінен келген жиырмаға жуық жас ақын мен белгілі әдебиет өкілдері екі күн бойы пікір алмасып, шығармашылық байланыс орнатты.

Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Оның айтуынша, бұл – республика көлемінде әдеби сыншылар алғаш рет бас қосып отырған маңызды жиын.

– Бұл фестиваль – ойды тереңдетіп, әдебиеттің сапасын арттыруға ықпал ететін орта. Әсіресе, жас ақындар үшін тәжірибе алмасудың үлкен мүмкіндігі, – деді ол.

Шараға белгілі сыншылар мен әдебиет өкілдері қатысты. Олардың қатарында Әлия Бөпежанова, Әмірхан Меңдеке, Амангелді Кеңшілікұлы, Бағашар Тұрсынбай сынды әдеби сынның белді тұлғалары бар. Сондай-ақ, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай да өз пікірлерін ортаға салды.

Әдеби ортадағы өзгерістерге тоқталған сыншы Әмірхан Меңдеке Қарағандының рухани әлеуетіне ерекше баға берді.

– Қарағанды бүгінде қазақ руханиятының маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Әдеби қауымның назары осы өңірге ауа бастағаны қуантады, – деді ол.

Ал Әлия Бөпежанова аймақта талантты жастардың көп екенін атап өтті. Оның пікірінше, дарынды жастарға жүйелі қолдау қажет. Сонымен қатар, ол қазіргі әдеби үдерістегі кейбір бағыттарға да сын көзбен қарады.

– «Постмодернизм» ұғымы бүгінде жиі айтылып жүр. Бірақ оның бәрі бірдей оқырманға эстетикалық әсер сыйлай бермейді. Қазақтың дүниетанымына жат тұстарын да ескерген жөн, – деді сыншы.

Дөңгелек үстел барысында қазіргі әдеби сынның жай-күйі де сөз болды. Амангелді Кеңшілікұлы әдебиетте сын жоқ деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

– Сын бар. Бірақ сыншылар кез келген дүниеге пікір айта бермейді. Шынайы әдебиетке ғана назар аударылады, – деді ол.

Фестиваль аясында Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, поэзия кешінде жас ақындар өз шығармаларын оқып, көрерменнің ықыласына бөленді. Сыншылардың шешімімен үздік деп танылған Әсел Кәрібайға жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдық шығармалар жинағы табысталды.

Фестивальдің екінші күні қатысушылар өңірдің тарихи орындарын аралап, музейлермен танысты.

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы өкілі Жанат Жаңқашұлының айтуынша, бұл фестивальге шетелдік қаламгерлер де қызығушылық танытып отыр.

– «Қарағанды көктемін» халықаралық деңгейге шығару туралы ұсыныстар бар. Себебі бұл жоба тек өңірдің емес, тұтас қазақ әдебиетінің дамуына қызмет етіп келеді, – деді ол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»