Қарағанды қарқынды дамып келеді
Қарағанды облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытында оң серпін байқалады. Өңірде өндіріс көлемі артып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында баяндады.
– Мемлекет басшысына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы туралы есеп бердім. Қарағанды өңірі өнеркәсіптің барлық саласында өсім көрсетіп отыр. Бұл – ұжымдық еңбектің және бизнес пен билік арасындағы сындарлы серіктестіктің нәтижесі, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Есеп барысында ағымдағы жылдың 8 айындағы негізгі көрсеткіштер ұсынылды. Осы кезеңде облыста 3,2 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өсім – 7%. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі бағыттарында айтарлықтай ілгерілеу бар.
Негізгі капиталға 644,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 11,1%-ға өскен. Биыл жалпы құны 195 млрд теңге болатын 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 2 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
2030 жылға дейін облыста жалпы құны 4,5 трлн теңге болатын 120 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл бастама 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады.
Мемлекет басшысына азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту бағытындағы жұмыстар туралы да баяндалды. Ауыл шаруашылығында ірі жобалар қолға алынған. Алдағы жылдары екі сүт-тауарлы ферма іске қосылып, өңірдің сүтке деген сұранысы толық өтелмек.
– Бүгінде күзгі дала жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыруға және тұрғындардың табысын көбейтуге басымдық беріп отырмыз, – деді әкім Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ Президентке «Qarmet» АҚ қызметі жөнінде ақпарат берілді. Компания 8 айда өндірісті жаңғыртуға 110 млрд теңге инвестиция салған. Шойын өндіру 6%-ға, болат 6,9%-ға, прокат 5%-ға артқан. Қазір металлургиялық комбинатта құю-прокат кешені, жаңа кокстық батареялар, арматура шығаратын стан құрылысы жүргізілуде.
«Qarmet» кәсіпорны кезең-кезеңімен табиғи газға көшіп жатыр, алғашқы кезең аяқталған. Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен көмір өндіру көлемі де тұрақты өсім көрсетуде – көмір өндіру 15%-ға артқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға беріп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Президент жылумен қамту жүйесін тұрақтандыру, өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

