«Қарағанды-1» – суперлига чемпионы

Қарағанды қаласындағы Saryarka үстел теннисі орталығында үстел теннисінен Қазақстанның ашық командалық чемпионаты – Суперлига жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құраған жарыс маусым бойы ел спортсүйер қауымының назарын аударып, тартысты ойындарымен ерекшеленді.

Маусымның қорытынды кезеңінде алтын медальдар мен турнирлік орындар үшін Қазақстанның жетекші командаларымен қатар шетелдік мықты клубтар да бақ сынады. Жанкүйерлер күткен шешуші сәтте чемпиондық кубок Қарағандының намысын қорғаған «Қарағанды-1» командасына бұйырды. Бұл жеңіс жергілікті үстел теннисі мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

2025 жылғы маусымда өткен төрт турдың қорытындысы бойынша турнир кестесінде бірінші орынды «Қарағанды-1» иеленсе, екінші орынға Ресейдің Свердлов облысынан келген УГМК командасы, ал үшінші орынға Өскемен қаласының «Altay Pro» клубы тұрақтады. Маусым бойы командалар арасында жоғары деңгейдегі бәсеке орнап, әр турнир көрермендерге нағыз спорттық тартыс сыйлады.

Суперлига маусымының қорытындысы бойынша жеке аталымдар да өз иелерін тапты. Үздік бапкер атағы «Қарағанды-1» командасының бас бапкері Алексей Хорьковқа берілсе, үздік ойыншы деп «Altay Pro» сапында өнер көрсеткен Алексей Жуков танылды. Бұл марапаттар маусым бойғы тұрақты ойын мен кәсіби дайындықтың нәтижесі екені сөзсіз.

Чемпионаттың жабылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев турнир бойы көш бастап, жоғары нәтижелер көрсеткен «Қарағанды-1» командасын арнайы марапаттап, өңір спортының дамуына қосқан үлесін атап өтті.

– Қарағандының үстел теннисі мектебі республикадағы ең мықты спорттық орталықтардың бірі саналады. Біздің спортшыларымыз жылдар бойы өзге өңірлер мен шетел командаларына лайықты бәсекелестік көрсетіп келеді. Бұл чемпионаттағы жеңіс – жүйелі еңбектің, тұрақты дайындық пен дұрыс бағыттағы дамудың нақты нәтижесі, – деді өңір басшысы.

Бүгінде Қарағанды облысында 13 мыңнан астам адам үстел теннисімен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 4 мыңға жуық спортшы ауылдық елді мекендерде жаттығады. Бұл – спорттың тек қалада ғана емес, өңірдің барлық аймағында дамып келе жатқанын көрсетеді. Соның нәтижесінде ел намысын халықаралық аренада қорғауға қабілетті жаңа буын чемпиондар қалыптасып келеді.

Соның жарқын дәлелі – халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Алан Құрманғалиев. Мамандардың айтуынша, жыл өткен сайын осындай дарынды әрі еңбекқор спортшылардың қатары артып, Қарағанды облысы үстел теннисі бойынша елдегі жетекші аймақтардың бірі ретінде өз орнын нығайта түсуде.

Ералы ҒАНИ,

«QH»