Қар тазалау мен инфрақұрылымға қатысты сын күшейді

Қарағанды қаласының тұрғындары коммуналдық қызметтердің жұмыс сапасына наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, орталық көшелерде қар тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгенімен, шеткері аудандар көбіне назардан тыс қалып отыр. Бұған қоса, жаңадан салынған тұрғын үй кешендерінде қоқыс контейнерлерінің жетіспеушілігі де өзекті мәселе ретінде көтерілуде.

Қарағандылықтар үшін көліктерін тұраққа қою қиындық тудырып, кейде зақымдану қаупін тудырады. Арнайы техникамен жолдарды тазалағаннан кейін аялдамаларда, тротуарларда және жол бойында қар үйінділері жиналады, бұл қозғалыс жолақтарын айтарлықтай тарылтады. Сонымен қатар тұрғындар әсіресе екінші дәрежелі көшелердегі тротуарлар мен жаяу жүргінші жолдарының тазаланбауына наразылық білдіруде.

– Көңілім толмайды, кешелі бері қар жауып жатыр, ал көлік тазалау жұмыстарының нәтижесі байқалмайды. Мен Қарағандыда көп жүремін, бірақ мұны көрмеймін. Тротуарларды өздеріңіз де көріп отырсыздар – жүру қиын, әсіресе үлкен жастағы адамдар үшін өте күрделі – дейді қала тұрғыны Жаңалық Байдилдина.

– Кейде бір жерге асығып барасың, уақыт тапшылығы сезіледі, мысалы, сағатқа үлгеру үшін немесе ауруханаға бара жатқанда. Сол сәттерде тротуарлар арқылы жүру қорқынышты. Оларды уақытылы тазалап тұру керек шығар, ал осыған жауапты адамдар бар ғой, міндеттелген, – деп шүйлікті қала тұрғыны Әсия Қанайбекова.

– Жолдарды тазалау екі ауысымда жүргізіледі. Әрине, қаланың барлық бөлігін бірден қамту мүмкін емес. Біз қосалқы жолдар мен тротуарлардың қарын да күреп жатырмыз. Соңғы екі күнде қар қалың жауып, жұмыс көлемі артты. Шағымдар түсіп жатыр, біз барынша жедел әрекет етуге тырысамыз, –деді Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Амантай Рашитов.

Тұрғындар бірнеше күн бойы босатылмай тұрған, толып кеткен қоқыс контейнерлеріне шағымданды. Облыс орталығында шамамен 7 мың контейнер орнатылған. Алайда жаңа құрылыстарда олар жеткіліксіз. Қоғам белсендісі Павел Подвигиннің айтуынша, жаңа үйлер салынып жатқан кезде сол үйдің маңына қанша контейнер қажет екені ескерілмейді.

– Қоқыс контейнерлері әр аулада тұратын тұрғындардың санына сай орналастырылуы тиіс, алайда бұл талап әлі толық орындалмай отыр. Бір адамның жылдық қоқыс шығымы шамамен 1,7 текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта қалада жаңа үйлер көп салынып жатыр, ал олардың ауласындағы контейнерлер тек бір мезгілде ғана тазаланады. Сондықтан қызмет көрсетушілердің жүктемесін ескеріп, келісімшарттарды қайта қарау қажет, –деген пікірде қала тұрғыны Павел Подвигин.

Тұрғындар мұндай мәселелерді онлайн түрде шешу үшін «Таза Қазақстан» чат-боты қолданысқа енгізілген. 2025 жылы чат-бот арқылы Қарағанды облысының тұрғындарынан шамамен 2 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Дегенмен, көптеген тұрғындар әлі күнге дейін бұл байланыс құралынан хабарсыз.

– ХХІ ғасыр болғандықтан электронды техника дамығандықтан осындай мүмкіндікті қолдану керек деп ойлаймын. Мен электрондық қызмет түрлерін пайдаланғанды ұнатамын, бірақ дәл осы «TazaQazBot» чатына өтінішімді енгізе алмадым. Ойлаймын, көп адам осындай қиындыққа тап болады. Бұл халыққа тиімді құрал, алайда оны кеңінен насихаттап, қалай қолдану керектігін түсіндіру қажет, – деп атап өтті эколог Дмитрий Калмыков.

Мәселенің өзектілігіне қарамастан, TazaQazBot арқылы келіп түсетін өтініштердің саны аз болып отыр. Насихат жұмыстары қажетті деңгейде жүргізілмеген. Сол себепті қала тұрғындары ауладағы қарды тазалау, толып кеткен қоқыс контейнерлері немесе стихиялық қоқыс үйінділерін көргенде де бұл сервисті жиі қолданбайды. Қала тұрғындарының пікірінше, жаңа байланыс қызметін пайдаланушылар саны артқан сайын қаланың экологиясы жақсарып, жұмыстың нәтижесі айқын көрінетін еді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»