Қарқаралыда өткен қысқы спорт думаны
Қарқаралы ауданында «Қыс мерекесі – 2026» атты спорттық шара ұйымдастырылды. Аталған мерекеде қатысушылар шаңғы жарысында бақ сынап, мұз айдында сырғанап, сондай-ақ арқан тартыс сайысында күш пен ептіліктерін көрсетті. Жарыстар қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Әсем табиғат аясында ұйымдастырылған «Қыс мерекесіне» ауданның барлық ауылынан мектеп оқушылары, әуесқой спортшылар және әртүрлі мекеме қызметкерлері қатысты. Жарысқа сеніммен келген барлық қатысушыны Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
– Барлық қатысушыға Қыс мерекесі сәтті өтуін тілеймін. Жеңіс жолында абайлап, әділ түрде табысқа жетулеріңізді қалаймын. Спорттық жарыстар арқылы салауатты ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз. Сол себепті, жарыс жетістіктерге толы болсын және Қарқаралы табиғатында өткен сайыстар одан әрі жалғасын тапсын, – деді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш.
Шаңғы жарысына мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлік жасындағы адамдар да қатысты. Түрлі қашықтықта ұйымдастырылған сайыста қатысушылар тау ішінен арнайы жасалған жолақ арқылы өтуі қажет болды. Ептілік пен жылдамдыққа негізделген жарыс жеңімпаздарының қатарында шалғай ауылдардың шәкірттері де бар.
– 1 шақырымдық жарыста бірінші орынға ие болдым. Шаңғымен айналысқанды қатты ұнатамын, осы үш жыл ішінде еңбегім ақталды. Қыс мезгілінде жаттығуды тоқтатпаймын, – дейді жарыс жеңімпазы Бибінұр Мүси.
«Қыс мерекесінде» конкиден бөлек, тюбингпен сырғанау бойынша командалық жарыстың үздіктері анықталды. Тауға жүгіріп көтеріліп, сырғанап түсу кезінде шапшаңдық танытқандар жеңіс тұғырынан көрінді. Аудан тұрғындары ғана емес, басқа қалалардан келген қатысушылар да жарыстың тартысты өтуіне үлес қосты. Қарағандылық ардагерлер ақ қармен көмкерілген табиғат аясында сайысқа қатысу мен серуендеуді өздеріне бір ерекше көңіл көтеру түрі деп сипаттады.
– Біз мүмкіндігінше табиғатта серуендеуге тырысамыз. Менің жасым 60-тан асты, бірақ шаңғы тебуді қатты жақсы көремін. Қарқаралының көркі тамаша, ал бүгінгі ауа-райы да керемет. Қатысушыларға тек табандылық пен сәттілік тілеймін, – дейді Владимир Галицкий.
Қатысушылар арқан тартыс жарысының қызығын арттырды. Командалық сайыста тек білектің күші емес, ұжымдық тәсілді дұрыс пайдалана білгендер үздік нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаз арнайы сыйлықтарға ие болды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

