Қарқаралыда таза ауызсуға қолжетімділік артып келеді

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында көптен күткен маңызды жоба – «Жарлы – Қарқаралы» су құбырының құрылысы аяқталды. Бұған дейін тұрғындар орташа пайдаланылу мерзімі елу жылға жуық ұңғымалардың суын тұтынып келген болатын. Көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселені шешу үшін ауқымды жұмыс жүргізілді: 38 шақырым су құбыры желісі тартылып, төрт сорғы станциясы мен екі көлемді резервуар орнатылды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы ауданына жұмыс сапары барысында нысанның іске қосуға дайындығын тексерді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта су Қарқаралыға жетті, желілер мен резервуарларды шаю және залалсыздандыру жүріп жатыр. Санитарлық қызметтің қорытындысы алынған соң, тұрғындарға таза су жаңа құбырлар арқылы жеткізіледі. Мамандардың есебі бойынша жерасты су көзі келесі ондаған жылдарға жетеді.

Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету – өңірдің басым бағыттарының бірі. Қарқаралы ауданында тағы бірнеше ауылда су құбыры желілерін салу және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жобалар аяқталған соң аудан ауызсумен қамтуда 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізбек.

Аймақ басшысы сапар барысында Көктас ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. Әлеуметтік нысан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Кешен ашылғаннан кейін бұқаралық спорт қолжетімді болып, балалар мен жастар үшін қосымша секциялар ашылады. Мұнда бір мезгілде 40 адамға дейін жаттыға алады. Жобаға үлкен спорт залы, бапкерлер бөлмелері, жуынатын және киім ауыстыратын орындар кіреді. Жаңа ауылдық ДСК келесі жылы пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар облыс әкімі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған өрт сөндіру бөлімшесінде болды. Әмбебап құтқару бөлімшесі заманауи техника және құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет етуге, азаматтық қорғанысты күшейтуге мүмкіндік береді. Бөлімше қызметкерлерінің міндеттері тек өртпен күреске ғана емес, сондай-ақ алдын алу, авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына да бағытталған.

Туризмді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Ермағанбет Бөлекпаев «Бұғылы» рекреациялық аймағында болып, 75 гектар аумақта салынып жатқан заманауи туристік кешеннің жұмысымен танысты. Қазір мұнда қажетті инженерлік коммуникациялар – су, кәріз жүйесі, электр желілері мен байланыс инфрақұрылымы тартылуда. «Бұғылы» табиғи оазисінің орналасуы кездейсоқ емес: ол Қарқаралы қаласына жақын және Ұлттық табиғи паркке ұласады. Жобаны аяқтау келесі жылға жоспарланған, оның жүзеге асуы өңірге келетін туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»