Арқаның ақжүрек ақыны

Арқа өңірінде айтыс өнерінің ақбоз жүйрігі, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Айтбай Жұмағұловтың 50 жылдық мерейтойына арналған үлкен шығармашылық кеш өтті. «Тәуелсіздікке тарту» атауымен ұйымдастырылған бұл шара Кеншілер мәдениет сарайында өтіп, еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырды. Кеш Арқа жұртын ән мен жырға бөлеп, ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.

Айтбай Жұмағұлов – жастайынан домбыраны серік еткен, айтыс өнерінде өзіндік орны бар тұлға. Сол себепті мерейтойына арналған кеш те ерекше мән-мағынамен ұйымдастырылды.

Сахна төрінде танымал әншілер Айтбай Жұмағұловтың сөзіне жазылған әндерді орындап, кештің көркін қыздырды. Ал айтыс ақындарының көшін бастаған Жүрсін Ерман мен елге белгілі айтыскерлер жұртшылыққа шынайы өнер үлгісін көрсетті. Олардың қайым айтысы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Жыршылар да бұл кештен тыс қалмады. Алмас Алматов, Амандық Көмеков, Айгүл Қосанова сынды белгілі жыршылар терме-толғауларын орындап, ұлттық өнердің қадірін терең сездірді. Олардың жырлары мерейтой мазмұнын байытып, кештің рухын көтерді.

Кеш соңында мерейтой иесіне құрмет көрсету рәсімі өтті. Қоғам қайраткерлері мен ел ағалары сахнаға көтеріліп, Айтбай Жұмағұловқа ақ тілектерін арнап, арнайы сыйлықтарын табыстады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хаттарын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей тапсырды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын Аманжол Әлтай жеткізді. Алматы мен Астана қалалары әкімдерінің ыстық лебіздері де кеш барысында оқылды.

Шара соңында Бекболат Тілеухан мен Айтбай Жұмағұлов бірге ән шырқап, кештің шырайын аша түсті. Мерейтойдың ерекше сәттерінің бірі ақынның туған жері Бұқар жырау ауданының азаматтарының оған темір тұлпар тарту етуі болды. Бұл – ел ағасына деген құрметтің айқын белгісі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»