Арқа айтысының ақбозы
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана қабырғасында айтыс өнерін ұлықтаған тағылымды кеш өтті. «Арқа айтысының ақбозы» атты әдеби-сазды кездесу айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов шығармашылығына арналды. Рухани басқосуға айтыс жанашырлары, ақынның үзеңгілес серіктері, шәкірттері мен кітапхана оқырмандары жиналды.
Кештің басты мақсаты – Арқа өңіріндегі айтыс мектебінің көрнекті өкілі Айтбай Жұмағұловтың өнердегі жолын саралап, оның шығармашылық мұрасын кейінгі буынға өнеге ету. Жиында сөз алған ақындар мен қаламгерлер Айтбай ақынның азаматтық болмысы мен өнердегі дара қолтаңбасына кеңінен тоқталды. Ақын Тілеген Әділов бастаған қаламдастар оның айтыс сахнасындағы батыл мінезін, ұтымды уәжін, тапқыр теңеулерін ерекше атап өтті.
Айтыстың ақтаңгері Дидар Қамиев арнау жырын оқып, кештің шырайын кіргізді. Бұл – аға мен іні арасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі іспетті әсер қалдырды. Сөз алғандар Айтбай Жұмағұловтың тек айтыскер ғана емес, қоғамдағы өткір мәселелерге үн қоса білген азамат екенін айтты. Оның жырларында ұлттық құндылық, тіл тағдыры, ұрпақ тәрбиесі секілді салмақты тақырыптар айқын көрініс табатыны айтылды.
Айтбай Жұмағұлов – айтыс аламанында танылған ақын ғана емес, шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Кеш барысында оның бір топ шәкірті өнер көрсетіп, қазақтың байырғы жыр-дастандарынан үзінділер оқыды. Бұл сәт дәстүрлі сөз өнерінің үзілмеген алтын арқауын айқындай түсті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс – қазақ өнерінің өміршеңдігінің кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, кеш мазмұны тек шығармашылық есеп беру емес, айтыс мектебінің жалғастығын паш еткен тағылымды кездесу болды.
Кеш соңында еркін форматтағы сұхбат ұйымдастырылып, көрермен ақынға көкейдегі сауалдарын қойды. Айтбай Жұмағұлов айтыс өнерінің табиғаты мен тағылымы жөнінде ой толғады.
– Айтыс – бұл тек суырыпсалма ақындық қана емес, бұл – ұлттың рухы. Қазақ халқы сөз өнерін қастерлеген. Бабалардың ұрпағына өнегесін де осы халық ауыз әдебиетінен табасыз. Айтыста зор тағылым жатыр, – деді ақын.
Бұл пікір кештің негізгі идеясын айқындап бергендей болды. Расында да, айтыс – тек сахналық жарыс емес, ол – ұлттық ойлау жүйесінің, дүниетанымның, рухани болмыстың айнасы.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


