АПВ-ға қарсы вакцинациялау
Жатыр мойны обырына қарсы тиімді күрес құралы – АПВ вакцинациясы. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес, елімізде адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Бұл шара – онкологиялық аурулардың алдын алу үшін маңызды қадам. Қарағанды облысында да бұл бағдарлама қарқынды түрде іске асырылуда.
АПВ: қауіпті вирустың таралу жолдары: АПВ – адамның ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін вирустардың кең тобы. Ол келесі жолдармен беріледі:
Байланыс-тұрмыстық жолмен: вирус қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы берілуі мүмкін. Жұғу қаупі қоғамдық орындарда – бассейндерде, сауналарда, спортзалдарда және дәретханаларда артады.
Жыныстық жолмен: онкогендік АПВ түрлері гениталийде үшкір ұшты сүйелдердің пайда болуына әкелуі мүмкін.
Тік жолмен, туылған кезде: вирус туған кезде анадан балаға беріледі.
Өзін-өзі жұқтыру арқылы: қырыну немесе эпиляция кезінде вирусты дененің басқа бөлігіне тасымалдауға болады.
Вакцинация – жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді әдісі. АПВ-ның кейбір онкогендік түрі жатыр мойны, жыныс мүшелері мен ауыз қуысының қатерлі ісіктерін тудырады. Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында онкологиялық аурулар статистикасы бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Күн сайын осы диагнозбен 5 жаңа жағдай тіркеліп, екі әйел қайтыс болады. 2023 жылы Қарағанды облысында 137 әйел есепке алынса, 2024 жылдың алғашқы 9 айында 73 әйел тіркелген. Қазіргі уақытта 1090 әйел есепте тұр. Жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз тиімді әдісі – АПВ-ға қарсы вакцинация. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған «Гардасил» вакцинасы 15 жылдан астам уақыт бойы әлемнің 135 елінде, оның ішінде Қазақстанда да қолданылады. Бұл вакцина онкологиялық аурулардың алдын алу тиімділігін дәлелдеген.
Қазақстанда АПВ вакцинациясы қалай жүргізіледі?
Қарағанды облысында вакцинация 11-13 жас аралығындағы қыздарға жүргізіледі. АПВ вакцинациясы үшін ата-аналардың (немесе заңды өкілдердің) келісімі қажет. Вакцина 6 ай аралығымен екі рет салынады. Дәрігердің қарауынан кейін қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана жүргізіледі.
– Қазіргі таңда облыста 11 жастағы 3 049 қыз және 12-13 жастағы 1 505 қыз вакцинациядан өтті. Екпеден кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Бұл вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейді. АПВ вакцинасы бедеулікке әсер етпейді. АПВ вакцинасын қабылдаудан кейін бедеулік пайда болады деген пікір қате. Дамыған елдердегі көптеген жыл бойы жүргізілген клиникалық зерттеулер бұл қауіпті растамады. Вакцина репродуктивті қызметке әсер етпейді, оны әлем бойынша 270 миллионнан астам доза қолданған кезде де жағымсыз әсерлер байқалмаған, – деп атап өтті Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Бүгін қыздарға АПВ вакцинасын алу туралы шешім қабылдағанда, сіз оларды болашақта онкологиялық аурулардан қорғайсыз. Бұл – Қазақстан әйелдерінің денсаулығын сақтау үшін маңызды қадам. Болашақта жатыр мойны обырын жоюға да мүмкіндік бар. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде атап өткендей, АПВ вакцинациясы арқылы Қарағанды облысында болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді жұмыс жалғаса бермек.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»