Апат – айтпай келер індет, ал сақтандыру – міндет
Елімізде апатты оқиғалардан баспананы міндетті сақтандыру енгізілуі мүмкін. Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сақтандыру ерікті түрде жүргізілмек. Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оның түрлі нұсқасын қарастырып жатыр.
«Қазіргі уақытта агенттік Қазақстан үшін апат тәуекелдерінен сақтандырудың неғұрлым қолайлы моделін таңдау мақсатында мемлекеттік органдармен және халықаралық сарапшылармен бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр. Модельдің әртүрлі нұсқасы қарастырылуда және қарастырылған нұсқалардың бірі азаматтардың атына тіркелген тұрғын үйді апат тәуекелдерінен міндетті сақтандыруды енгізу болмақ», – делінген ведомство жауабында.
Аталған агенттік осы жылдың соңына дейін ел азаматтарының баспанасын сақтандырудың оңтайлы моделін айқындап алмақ. Содан кейін оны қоғам талқысына шығаруды көздеп отыр. Айта кетерлігі, 2024 жылдың 19 тамызына дейінгі дерекке қарағанда, еліміздің сақтандыру ұйымдарына су тасқынына байланысты оқиғалардан сақтандыру туралы 134 өтінім келіп түскен. Оның 120-сы – жеке тұлғалардан, ал 44-і – заңды тұлғалардан.
«Бүгінде сақтандыру төлемдеріне мәлімделген жалпы сома 907 млн теңгені құрайды. Оның 394,2 млн теңгесі – жеке тұлғалардан, 512,5 млн теңгесі – заңды тұлғалардан. Қалған өтінімдерді сақтандыру компаниялары қарастырып жатыр», – деп атап өтті агенттіктегілер
Елімізде жылжымайтын мүлікті сақтандыру ерікті түрде жүргізілмек. Мұндай сақтандыру құқығы 24 ұйымның 15-інде бар. Әдетте мүлікті ерікті сақтандыру шарттары жер сілкінісі, су тасқыны, лай көшкін, дауыл және басқа да табиғи тосын жайтты қоса алғандағы апаттардан болатын тәуекелдерді жабады. Мұндай полистің құны әртүрлі және жылжымайтын мүліктің орналасқан жері, оның құны, жабынды мөлшері мен түрі және сақтандыру жағдайының тарихы сынды көптеген факторға байланысты болуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пәтерді немесе жеке үйді сақтандырудың орташа құны бірнеше мыңнан ондаған мың теңгеге дейін болуы мүмкін екендігін алға тартады. Ал жалпы сақтандыру сомасын сақтандыру компаниясынан анықтау қажет.
Қазақстанның 75 пайызы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман өрті қаупі жоғары аймаққа жатады. Бірақ, тұрғындардың дені үйін, не мүлкін сақтандыруға мән бере бермейді. Халықтың 95 пайызы несие алар кезде ғана баспанасын сақтандыратын көрінеді. Өз еркімен баратындар саусақпен санарлық. Бұл проблеманы шешу үшін халықтың экономикалық сауатын ашу қажет дейді мамандар.
– Сақтандыру мәдениетін көтеру үшін менің ойымша сақтандыру компаниясы үш амал жасау қажет. Сақтандыру программалары халыққа қолжетімді болуы тиіс. Екіншіден, сақтандыру компаниясы халықтан сенім алуы қажет. Сенім алу үшін келісімге келуде жеңіл болады. Үшіншіден, халықтың көбісі қандай сақтандыру бар екенін, қалай жұмыс істейтінін мүлдем білмейді, – дейді сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Амиржанов.
Адвокат Жандос Тұяқовтың пікірінше, мүлікті міндетті сақтандыруда бірінші халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру қажет.
– Меніңше міндетті сақтандыру қылатын кезде ең минималды жасау қажет. Ары қарай тағы да халықта алтернатива болуы керек деп санаймын. Егер де 100 мыңнан аса сомма төлесе осыншама беріледі. Одан жоғары төлесе тағысын тағы дегендей, – деп түсіндірді қорғаушы.
Халықаралық тәжірибе бойынша табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйелері жұмыс істейді. Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы – Түркияның апатты сақтандыру пұлы қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50%-ы осы міндетті бағдарламамен қамтамасыз етілген. Ал Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама жылдан жылға жетілдіріліп келеді. Депутаттар елімізде тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынып отыр.
Жанбота БЕЙСЕМБАЙ,
«QH»