Антына адал абзал жандар
Қарағанды қаласы Ерубаев көшесі, 43 мекенжайда орналасқан Облыстық орталық емхананың ревматология бөлімшесінің мамандарына ақ тілегімізді жеткізіп алғыс айтқымыз келеді.
Мұнда өз ісінің майталмандары, Гиппократ антына берік азаматтар жұмыс істейді екен. Ақ халатты абзал жандар ең алдымен сырқаттың көңілін тауып, рухани қолдау көрсете біледі. Сонысымен де емделушілердің дертінен тез сауығуына ықпал етуде.
Бөлім меңгерушісі Руслан Ишигов бастаған барлық дәрігер мен медбикелер кәсіптік қабілеттері мен емделушілерге деген мейірімдерімен тәнті етті. Оның ішінде дәрігер Анастасия Сергеевна, аға медбике Динара Бейсенбекова, медбикелер Айсұлу Бауыржанқызы мен Маржан, Эльвира, Райгүлдерге және калориялық тамақты уақытылы тарататын Настяға айрықша алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ палаталар мен дәліздердің тазалығына жауапты персоналдарға, физио-емшара медбикелері мен массаж жасаушы Айнаш ханымға да ризашылық білдіреміз.
Заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген облыстық емхана халыққа адал қызмет етуде. Тәртіп пен ереже қатаң сақталатыны көрініп тұр.
Қазақта «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген жақсы сөз бар ғой. Біз кәсібіне адал берілген мамандарға емделушілер атынан ақжарма тілегімізді арнауды жөн санап отырмыз. Сіздер Қазақстан халқына еңбек етіп, көптің алғысына бөлене беріңіздер. Қашан да жандарыңыз жадырап, жанұяларыңызда бақытты болып, биіктерді бағындыруларыңызға тілектеспіз.
№8 палата емделушілері:
Сташкова Н., Қарағанды қаласы,
Тусупова А., Қушоқы кенті,
Қойшина С., Сәтбаев қаласы,
Искакова Р., Балқаш қаласы