Қанатын кеңге жайған жыр кеші
Қарағанды жерінде «Бұқарекең жырлайды» облыстық жыршы-жыраулар сайысын өткізу дәстүрге айналғалы қай заман. Әу баста айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлдың бастамасы шағын көлемде өткізілетін. Кейін ауқымы өсіп, ел назарын өзіне аударған үлкен шараға айналып шыға келді. Биыл осы байқауға сонау Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз ағайындардың өкілдері арнайы келіп, құрметті қонақ болып кетті. Басты мақсат – бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысты арттыру, жыраулар мектебін дамыту.
Биылғы байқауды Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы және Бұқар жырау ауданының әкімшілігі бірлесіп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластыра ұйымдастырған екен. Әрине, шараның басы-қасында Айтбай Жұмағұлдың өзі жүргенін айта кеткен жөн.
– Арқа төсінде «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі жыр сайысын ұйымдастырып отырмыз. Өздеріңіз де байқағандай, бұл байқаудың аясы жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр. Сонау Қырғызстан жерінен манасшыл жыршы бауырларымыз қонаққа келді. Қазылар алқасының төрағалығына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова сайланды. Мұндағы мақсат – Арқадағы айтулы, «балағының биті» бар балалардың үлкен ұстаздардың назарына ілініп, келешекте жоғары оқуға түсуіне жол ашу, – дейді Айтбай Жұмағұл.
Айта кету керек, бұған дейін айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл қырғыз елінде өткен халықаралық айтыста топ жарып, бас жүлдені қанжығалаған болатын. Кейін Қырғызстан Президентінің арнайы сыйлығын иеленгені тағы бар. Бұл сапарда қос елдің өнерпаздары арасында мәдени ынтымақтастық орнап, бауырластық арта түсті десек, жаңсақ айтқанымыз емес. Соның бір айғағы – қырғыздың қос шайырының сапары.
– Біз қазақтың айтыскер ақындарымен тығыз байланыстамыз. Сіздердің ақындар біздегі айтысқа, біздің ақындар сіздің жердегі айтыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Оның сыртында «Бес ғасыр жырлайды» деген кітап арқылы қазақ жырауларымен де жақсы таныспыз. Қырғыз бен қазақ бір туған елміз ғой. Осы уақытқа дейін айтыс өнерін дамытуға бірлесе күш салып келдік. Келешекте жыраулар мектебін дамытуға да лайықты көңіл бөлінсе дейміз. Дәл осы «Бұқарекең жырлайды» тәрізді еларалық ірі байқаулар ұйымдастыру керек. Біздің осы сапарымыздың өзі – соның алғы шарты, – дейді Қырғыз ұлттық Манас театры директорының орынбасары Шыңғысхан Қожаш.
Байқау төрт аталым бойынша өтті. «Бұқар жырауша» аталымында жас қатысушылар өз туындысын жыраулар поэзиясы үлгісінде жаза отырып, қоғамның күрделі мәселелерін көтерді. Ал «Бұқар жырау оқулары» аталымында қатысушылар Бұқар жыраудың шығармашылығын, яғни жыр-толғауларын жатқа мәнерлеп оқыды.
«Жыршы-жыраулар сайысы» аталымында әнші-жыршылар Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр-толғауларын белгілі бір аспапта (қобыз, домбыра, сырнай) мақамға салып орындаса, «Әлемді түгел білсе де» аталымында өзге ұлт өкілдері Бұқар жыраудың жыр-толғауларын қазақша, орысша және өз тілінде жатқа мәнерлеп оқыды.
Биылғы бір ерекшелік іріктеу кезеңі тәртібінің енгізілуінде. Яғни бұған дейін сахнаға 150 бала шығып, үздікті анықтау қиынға соғып кететін. Сондықтан алғашқы кезеңде қатысушылар өнері сараланып, тек үздіктері ғана көп алдында өнер көрсетуге жолдама алды.
Кеш бойы жас өнерпаздарды тыңдап, өнерлерін бағалаған қазылар алқасының шешімімен төмендегідей жүлдегерлер анықталды.
«Бұқар жырау оқулары» аталымы бойынша:
1-орын – Арай Райымбекова (Бұқар жырау ауданы);
2-орын – Қанат Ақерке, Мәлiк Тiлек (Бұқар жырау ауданы);
3-орын – Нұртай Жарылғапов (Жаңаарқа ауданы), Мейрам Фатих Сұлтан, Сия Айбота (Қарағанды қаласы), Асанова Адель (Бұқар жырау ауданы);
Арнайы жүлде – Саят Сезiм, Зекең Абылай (Қарағанды қаласы).
«Жыршы-жырау» аталымы бойынша:
1-орын – Тiлеубек Жанарыс (Алматы қаласы);
2-орын – Ботпай Нұрәлi, Виктория Аленина (Бұқар жырау ауданы), Тiлеубек Бердiбек (Қарағанды қаласы);
3-орын – Расул Ербол (Бұқар жырау ауданы), Ерасыл Игiлiк, Мәди Жақып (Қарағанды қаласы);
Арнайы жүлде – Нұралы Жангелдi (Қарағанды қаласы), Тiлеухан Есiмхан (Шет ауданы).
«Бұқар жырауша» аталымы бойынша:
1-орын – Нұртай Ерсұлтан (Қарағанды қаласы);
2-орын – Мақсат Жарылғасынов (Қарағанды қаласы);
3-орын – Өркен Құдайберген (Бұқар жырау ауданы).
«Әлемдi түгел бiлсе де» аталымы бойынша:
1-орын – Станислав Иванов (Абай ауданы);
2-орын – Мария Григориади (Теміртау қаласы);
3-орын – Алан Сюй (Бұқар жырау ауданы), Анастасия Финонченко және Зинаида Асадчия (Қарағанды қаласы).
Барлық қатысушыға диплом мен ақшалай сертификат табысталды.