Анар ТҰРМҰХАМБЕТОВА: «Басты мақсат — білікті де білімді дәрігерлер дайындау»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау мәселесіне де баса назар аударып, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – медициналық университеттер жанынан емхана мен ауруханалар ашу. Аймағымызда Президенттің бұл тапсырмасы қалай жүзеге асады? Жалпы келешек дәрігерлерді дайындау процесі қалай жүріп жатыр? Еліміздегі іргелі оқу ордасының бірі саналатын университетте қандай тың бастамалар бар? Осы және өзге де сауалдарға жауап табу мақсатында Қарағанды медицина университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Анар Ақылбекқызы Тұрмұхамбетовамен сұқбаттасып қайтқан едік.

Анар Ақылбекқызы, әңгіменің әлқисасын сіз басқаратын оқу ордасының ахуалынан бастасақ. Елдегі ең беделді оқу ордасының тізгінін ұстағаныңызға көп уақыт өте қойған жоқ. Қандай бастамаларыңыз бар? Алдағы уақытта Қарағанды медицина университетін дамыту бағытында қандай жұмыстар істеледі?

– Иә, басшы ретінде жақында ғана тағайындалсам да, мен бұл жерге сырттан келген жоқпын. Кейінгі онжылдықта Стратегия жөнінде проректоры лауазымында болдым. Университеттің стратегиялық дамуы бағытына жетекшілік еттім. Бұл оқу ордасының ахуалымен өте жақсы таныспын. Сондықтан, түбегейлі өзгерістер болады деп айта алмаймын. Біз бұған дейін алға қойған басым бағыттарымыз бойынша жұмыстарымызды жалғастырамыз. Ең алдымен, медициналық білім беру сапасын арттыруға ден қойып отырмыз. Өкінішке қарай, қоғамда бұған қатысты көптеген сыни пікірлер бар. Біздің жоғары оқу орнымыз сапалы білім беру дәстүрін сақтай отырып, алға жылжитынын атап өткім келеді. Біздің түлектерімізге сұраныс өте жоғары. Бұл да білім беру сапасының жақсы екенін аңғартады. Сондықтан, біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып Қарағанды облысына қажетті кадрларды дайындауға басымдық беріп отырмыз. Сонымен қатар, Ұлытау облысын да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ширек ғасырға жуық бір шаңырақ астында болдық. Олар күні кеше ғана бөлек отау тігіп, өз алдарына жеке облыс болып бөлініп шықты. Солай екен деп, теріс айналмаймыз ғой. Қайта қолымыздан келгенше аяққа тұрып, дамуына қолғабыс көрсетуіміз қажет. Жаңа облыста білікті кадрларға, әсіресе денсаулық сақтау саласының мамандарына деген сұраныс жоғары. Біз осы сұранысты қанағаттандыру бағытында жұмыс істеудеміз.

Екіншіден, ғылыми зерттеу жұмыстарына ден қойып, университеттің ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да танымал болуына жағдай жасау. Халықаралық қатынастардағы басты шарттың бірі – рейтинге қатысу. Ол үшін ғылыми-инновациялық салада алға шығуымыз керек. Біздің университеттің «Зерттеуші» статусы бар. Біз осы бағытта біртіндеп жұмыстарды жандандыру, ғылымды дамытуға күш салудамыз.

Алдымызда тұрған үшінші маңызды міндет – клиника ашу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және Қарағанды облысына келген жұмыс сапары барысында бұған айрықша тоқталып, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен және облыстық әкімдікпен клиника құрылысын салу мәселесін талқылап жатырмыз. Өздеріңізге де белгілі, қаламызда өкінішке қарай жаңа ауруханалар жоқ. Иә, қазір барлығымыз облыстық балалар ауруханасының ашылуын күтіп отырмыз. Одан кейінгі ең үлкен жоба, бәлкім біздің клиника болатын шығар.

Осы орайда, университет жанындағы клиникалар туралы толығырақ айта кетсеңіз. Білуімше, қалада сіздердің мекемеге қарасты медициналық кабинеттер мен емханалар бар емес пе?

– Иә, бізде Қарағанды қаласындағы Алалыкин көшесінде бұрыннан бері стамотологиялық клиника жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Пришахтинскте клиникамыз бар. Оны сенімді басқаруға алдық. Бұл мекемеде 100 орындық аурухана орналасқан. Сонымен қатар, 2019 жылы бізге Кәсіби аурулардың ұлттық орталығы қосылды. Қазір Мұстафин көшесі 15 үйде Кәсіби сырқаттар ауруханасы бар. Бір сөзбен айтқанда, университетіміз клиналық емдеу бағытында жұмыс істеп келеді. Ал, жаңа клиниканың салынуы бұл істі әрі қарай дамытуға оң әсер етпек.

Осы орайда, елдегі ең өзекті мәселенің бірі – кадр тапшылығына тоқталып өтсек. Медицина сапасы туралы сөз болғанда, міндетті түрде «маман жетіспейді» деген сылтау айтылады. Ал, түлектер болса медициналық мамандыққа грантқа түсудің тым қиын екенін айтып шағымдануда. Оқу ақысының да салыстырмалы түрде жоғары екені тағы бар. Гранттың аз, оқудың қымбат болуының себебі не?

– Рас, мектеп түлектері арасында медициналық мамандыққа түсуге құлшыныс білдіретін азаматтар көп. Бұған кейін жұмысқа орналасудың жеңілдігі де айтарлықтай себеп болып отыр. Алайда, біз медициналық қызметтің сапалы болуын да назарда ұстауымыз керек қой. Сондықтан, ниет білдірген түлектердің барлығын оқуға қабылдай алмаймыз. Ең үздік, білімді жастарды ғана тартамыз. Әрі олар мұнда түскен соң да арнайы емтихан тапсырып, дәрігер болуға қабілеті бар-жоғы айқындалады. Өйткені, дәрігер болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Кейбір жағдайда дәрігерлер өз кәсібі үшін құрбандыққа да баруы мүмкін. Яғни, нақты осы салаға берілген, өз ісіне адал жандар ғана ел алғысына бөленген дәрігер болып шыға алады. Сондықтан да, оқуға тапсырған түлектерге қатаң талап қойылады. Келесі бір мәселе, техникалық мүмкіндік. Егер басқа мамандықтарда бір мұғалім 15 балаға дейін сабақ бере алса, бізде 6 студентке 1 ұстаздан келуі тиіс. Ал, оқу ақысы тым жоғары деген пікірмен келіспеймін. Рас, бір кездерде басқа жоғары оқу орындарына қарағанда екі есеге дейін қымбат болған еді. Ал, қазір салыстырмалы түрде айтқанда айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бұл жерде де оқу ақысының қымбат болуының өзіндік себептері бар. Біз, тек, теориялық біліммен ғана шектеліп қалмаймыз ғой. Студенттер дәріс алу барысында зертханада жұмыс істеуі керек. Адам емдеуге қажет машықтардың барлығын олар әуелі маникендерде үйренеді. Қажет машықтарды меңгерген соң ғана маман ретінде жолдама алады.

Мемлекеттік грантқа іліне алмай, ақылы бөлімге түскен, оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді студенттерге оқу ақысын төлеуге жеңілдіктер қарастырылған ба?  

– Әрине, біз оқуын тәмамдаған соң өзіміздің клиникаларда қалып, жұмыс істеуге ниет білдірген студенттерге белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырамыз. Сонымен қатар, аймағымыздағы ауруханалар мен емханалар да сұранысқа ие салалар бойынша жоғары курстарда оқитын студенттерді тартып, оларға белгілі бір деңгейде оқу ақысын төлеуге жеңілдіктер қарастырады. Бұдан бөлек, демеушілерді тарту мәселесін де жолға қойып жатырмыз.

Тағы бір өзекті мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Рас, Астана, Алматы қалаларымен салыстырғанда, қаламызда бұл тым күйіп тұрған тақырып емес. Десек те, болашақ ақ халатты абзал жандар жайлы жатақханамен толық қамтылды ма? Келешекте жаңа жатақхана ашу жоспарда бар ма?

– Әрине, сіз атаған республикалық маңызға ие қалаларда нарық тым жоғары. Сәйкесінше, студенттерді жатын орынмен қамту мәселесі де өзекті болып отыр. Ал, Қарағанды қаласында бұл мәселе күнтәртібінде тұрған жоқ. Рас, жаңа оқу жылы басталған қарбалас кезеңде белгілі бір уақыт аралығында түрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Алайда, біз олардың барлығын дер кезінде шешіп, қиындыққа тап болған студенттерге қолғабыс көрсетіп отырмыз. Ал, жатақхана мәселесіне келер болсақ, университет өз қаражатына 400 орындық жаңа жатақхана салып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұйырса желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз. Бұл студенттерді білім алу кезінде жайлы баспанамен қамтамасыз ету мәселесін оң шешуге айтарлықтай ықпал етеді деп сенемін.

Сіз басқарып отырған университетте қазақстандық студенттерден бөлек, шетелдік жастар да білім алып жатыр. Олардың оқу ақысы қай мемлекеттің есебінен төленеді? Шетелдік жастарды қазақстандық ортаға бейімдеу, қауіпсіздігін қамту бағытында қандай шаралар қабылданған? Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Шет мемлекеттен келген жастарға білім ағылшын тілінде беріледі. Ұстаздарымыздың барлығы ағылшын тілін жетік меңгеріп, арнайы куәліктер алған. Оларды қазақстандық ортаға бейімдеу жұмыстары да жүргізеледі. Сырттан келген азаматтарды орналастыру, құқықтарын қорғау мәселесі де қатаң назарға алынған. Олар біздің университетімізде теориялық тәлім алады. Ал, практикалық білімді өз елдерінде меңгереді. Өйткені, жергілікті халық көбіне қазақ және орыс тілдерін ғана білетіндіктен, шетелдік студенттер науқастармен қарым-қатынас жасауға қиналады. Біз ол азаматтармен оқуды тәмамдаған соң да байланысып, қадағалап отырамыз. Барлығы дерлік отандарына оралған соң мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып жатады. Біздің берген біліміміздің ол елдерде де жоғары бағаланатынын айта кеткім келеді.

Әлгінде, білікті кадрлар туралы айтып қалдық қой. Болашақ дәрігерлерді дайындайтын ұстаздардың білімі қай деңгейде? Олар ғылым саласын бағындыра алып жүр ме?

– Қарағанды медицина университеті сапалы білім беретін, білікті кадрлар әзірлейтін оқу орны ретінде өзін мойындатқан. Әрі ұрпақтар сабақтастығы да жақсы сақталып отыр. Яғни, біз сапалы білім беру дәстүрін үзбей, жалғастырып келеміз. Сондай-ақ, оқытушылардың өздерін дамытуына, ғылыммен айналысуына да қолайлы жағдай жасалған. Қазір оқу орындарының мәртесі түрлі рейтингтер арқылы өлшенеді ғой. Әлгінде айтып өткенімдей, қазір халықаралық рейтингтерге қатысу бағытында жұмыстар істеліп жатыр. Ал, ел ішіндегі ахуалға келсек, «Атамекен» ҰКП ұйымдастыратын білім беру бағдарламалары бойынша рейтингте біздің университетіміз медицина саласы бойынша бірінші орында тұр. Ғылым саласындағы рейтинг бойынша да алдыңғы орындарда тұрмыз. Ол енді жыл сайын жаңарып отырады ғой. Мұнда біз түрлі жағдайларға байланысты бірінші немесе екінші орындардамыз.

Басқа медициналық жоғары оқу орындарымен салыстырғанда бізде Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырылатын гранттық жобалар өте көп. Мәселен, коронавирустық инфекция бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Рас, қазір қауіптің беті қайтты ғой. Әйтсе де, толық жеңдік деп айта алмаймыз. Сондықтан, бұл індетті зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, еңбекті қорғау, бактерология және білім беру саласында да ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Әңгімеміздің түйінінде елдегі саяси өзгерістерді сөз етсек. Бұдан былай Мемлекет басшысы 7 жылға және 1 мерзімге ғана сайланбақ. Қоғамның белсенді өкілі ретінде бұл өзгеріске деген көзқарасыңыз қандай?

– Мемлекеттің дамуына қоғамдағы барлық адам атсалысады және тікелей мүдделі болады ғой. Сондықтан да біз студенттермен кездесу кезінде, түрлі шараларда оларды елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене араласуға шақырамыз. Президент сайлауы жалпы еліміз үшін маңызды саяси науқан деуге болады. Өйткені, біз кандидаттар арасынан таңдау жасай отырып өзіміздің ғана емес, еліміздің де тағдырын айқындаймыз.

Біздің университетімізде басқа өңірлерден, тіпті, басқа облыстардан келіп білім алып жатқан студенттер бар. Олар дауыс беру үшін бір күнге өздері тұратын өңірге барып-келе алмайды ғой. Сондықтан да, облыстық және қалалық әкімдіктермен бірге студенттерді осы қаладағы сайлау учаскелеріне тіркеу жұмыстарын жүргіздік. Осылайша, болашақ дәрігерлердің дауыс беру құқығын пайдаланып, ел тағдырын айқындайтын іске белсене қатысуларына жағдай жасадық.

Анар Ақылбекқызы, уақытыңызды бөліп, көпті алаңдатқан сауалдарға жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

Сұқбаттасқан Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ