Қан тапсырып, адам өмірін құтқар
Донор болып, өзгеге өмір сыйла. «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде Донор күні өтті. 50-ден астам әскери қызметкер қажетті қорды 23 литр қанмен толықтырды.
Донор болар алдында әскери қызметшілер терапевтің қарауынан өтіп, қан тобын, оның статусын және гемоглобин деңгейін анықтау үшін талдаулардан өтті. Бір процедура кезінде донор 450 миллилитр қан бере алады. Бұл үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Әскери қызметкерлер арасында құрметті донорлар да, алғаш рет қан тапсыруға бел буғандар да бар.
– Қан тапсыру тек қоғамға ғана емес, сонымен қатар ағзаға да пайдалы. Мен осымен екінші рет қан тапсырып тұрмын. Екі ай сайын осы науқанды өткізіп тұрады. Ең алдымен біз тест тапсырып, одан кейін қан тобын тестілеуге барамыз. Ал әр науқан кезінде 50-70 адам қан тапсырады, – деді қатардағы жауынгер Бағжан Абдрасул.
Рәсімге дейін әрбір әскери қызметші қан тобын анықтау үшін зертханалық тексеруден өтіп қана қоймай, мүмкін болатын қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін дәрігердің кешенді тексеруінен өтті. Мысалы, ауырып қалсаңыз, қан тапсыруға болмайды. Медициналық тексеруден сәтті өткендердің қаны алынды. Қарағанды облысы Қан орталығының ұжымы қан тапсырған әскери қызметкерлерге алғысын білдірді.
– Біз үнемі «донор қажет» деп жүрген жерімізде жарнама жасап, шарқ ұрамыз. Себебі, қан құятын аурулардың саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Соңғы кезде ересектер ғана емес, балалар арасында да онкологиялық, тұқым қуалайтын аурулар көптеп кездеседі. Одан бөлек, туабітті қан аурулары бар. Мысалы, кейбір баланың гемофилия ауруында қандары ұйымайды. Олардың барлығына қан құю керек. Қазір жол көлік оқиғалары мен түрлі жазатайым оқиға да жиіледі. Жарақат алған адамдар көп қан жоғалтқан жағдайда да өмірді сақтап қалу үшін қан қажет. Соңғы уақытта босану бөлмесіндегі аналардың арасында түрлі асқынудан кейін көп мөлшерде қан кетіп жатады. Ондай кезде де орталықтың қаны уақытында жеткізілу керек болады. Науқасқа бір ағзаны ауыстырғанда 10-12 донордың қаны құйылады. Ал олардың айықпас дерттен арылып, аяқтан тұрып кетуі үшін тек қана дені сау донордың қаны керек. Біз 31775 әскери бөліміне әр екі ай сайын барып тұрамыз, қолдау танытқан әскери бөлім ұжымына алғысым шексіз, – деді Қарағанды облыстық қан орталығының терапевт дәрігері Салтанат Жұмағұлова.
Әскери бөлімдерде мұндай шаралар әскери қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ донорлық қан жинаудың маңыздылығына назар аудару мақсатында жылына бірнеше рет жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Донорлар – мүлдем бейтаныс адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беретін ерекше адамдар, өйткені, ең заманауи дәрі-дәрмектер де, ең соңғы құрал-жабдықтар да адам қанын алмастыра алмайды. Көбінесе қажетті қанның болуы – пациенттердің өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы.
Қанағат ЭДУАРДОВНА, «QH»