АМЕРИКАНЫ МОЙЫНДАТҚАН ТАКСИСТІҢ ОҚИҒАСЫ КӨПШІЛІКТІ ТӘНТІ ЕТТІ

Жақын арада Қарағандының халық көп баратын орындарында маскасы жоқ адамды бірден танып, бетперде ұсынатын құрылғылар пайда болады. «Ақылды» автоматтың авторы бұрын таксист болып қызмет еткен азамат. Ол кенеттен ІТ-саласына қызығып, өз бетінше іздене бастаған. Нәтижесінде қосымшалары сәтті шығып, Ресей мен АҚШ-тың ірі компанияларында қызмет еткен.

Мейірлен Жұманов колледж бітіргеннен кейін 5 жыл такси жүргізушісі болып қызмет еткен. Бір күні таксидің ұялы телефондағы қосымшасына қызығушылығы оянады. Сондықтан бағдарлама жасауды ғаламтор беттерінен оқып-үйренеді. Не бары жарты жылда таксидегі қызметін ІТ-ге бұрды. Ресей мен АҚШ-та қызмет етіп, өзін толық жетілдіргенін айтады. Ресейде банктердің ұялы телефондағы қосымшаларын жасаған. Кейін талантты жас АҚШ-тың ірі компаниясына резюме тапсырады. Жіті, үш кезеңдік іріктеуден өткен ол бірнеше жыл Нью-Йорктегі компанияда бағдарламашы болып қызмет етті.

Жаңа технологияны игерген азамат ай-сайын 2-3 мың АҚШ доллар айлық алып отырғанын айтады. Бір ерекшелігі ол АҚШ-тың компанияларын Қарағандыда отырып-ақ бағындырды. Яғни қызметті қашықтықтан жүргізген. Өзінің әлеуметтік жағдайын дұрыстап, басына баспана, астына темір тұлпар алғаннан кейін алдына жаңа жоспар қойыпты. «Қызметкер емес, өзім стартапер сияқты, өзім бизнес саласына кеткім келді. Сол себепті америкалық компаниядан жұмыстан жарты жыл бұрын шықтым. Қазіргі уақытта жасанды интелект бойынша өз жобаларымды шығарып жатырмын» — дейді Мейірлен.

Бұл біле білген адамға әлі ешкім игеріп үлгермеген ІТ саласын жетік біліп, енді «Жасанды интелект» деген жаңа бағытқа бұрылып отыр. Жасанды интелект саласындағы бастапқы құрылғысы маска аппараты. Қазіргі қоғамға аса қажетті – бетперде режимін сақтауға ықпалдасатын аппарат. Яғни келген адамның ыстығын өлшеп, қолына антисептик, бетіне маска ұсынады. Тіпті осы саланы дамытуға талантты қазақ жастарынан команда құрған.  Соның бірі серігі әрі әріптесі Ардақ есімді азамат.  «Қазіргі таңда барлық салада автоматизация жүріп жатыр. Сондықтан енді шетелдік емес, қазақстандық ішкі нарықтан шыққан компаниясы болған жөн. Бірінші кезекте біз өзімізге де басқаларына да Қазақстанда да осындай жобалар жасалатынын, жаңа технологиямен адамдар жұмыс істейтінін көрсеткіміз келді»-дейді. Аталған терминалдар алдағы бір айда толық дайын болады. Қазір құрылғыға бірқатар ірі орталықтан тапсырыс түсіпті. Келесі кезекте Мейірленнің командасы «ақылды үй» жобасы бойынша жұмыс жүргізіп, қазақстандық брэнд жасап шығармақ. Ауылдан шығып, АҚШ-тың технологиялық нарығында өз қолтаңбасын қалдырған азаматтың аты бәйгеден әлі талай үздік болып ораларына сенім мол.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»