«AMANAT»-та «Жастар Рухының» үздік волонтерлері мен белсенділері марапатталды
Астана қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының «Рухтастар» республикалық жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Сыйлықтар еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан ең белсенді әрі бастамашыл жастарға табысталды.

Салтанатты рәсімге Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және жас көшбасшылар қатысты. Биыл байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жастардан 500-ден астам өтінім түсті. Әрбір марапат – еңбекқорлықтың, табандылықтың және тұрақты дамуға ұмтылыстың жарқын үлгісі.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жастардың Қазақстанды дамытудағы маң ңызды рөлін атап өтіп, сыйлықтың қоғамдық маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін патриотизм – болашаққа ұмтылу. Бұл қоғамдық санадағы оң өзгерістерден айқын көрініс табуда. Білімді жастар – елдібасты капиталы және оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Бүгінде жастар қоғамға пайда әкелуге, жаңашылдыққа ұмтылып, өзін-өзі дамытуға ерекше мән беруде. Біз дәл осындай белсенді, мақсатшыл жастарды құрметтейміз. «Рухтастар» сыйлығы баршамызды ортақ мақсат – Әділетті Қазақстанды құру жолында бірігуге үндейді», – деді ол.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова бұл сыйлық елдегі ең белсенді, мақсатты және шабыттандыратын жастардың еңбегін мойындау екенін атап өтті.
«Бүгін біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ең белсенді жастарды бір алаңға жинадық. Жыл бойы олар өз өңірлерінде әлеуметтік, мәдени, экологиялық және волонтерлік жобаларды жүзеге асырып, жастар саясатын дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Бұл марапат – олардың еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, болашақтағы қызметіне артылған үлкен сенім», – деді ол.
Республикалық «Рухтастар» сыйлығы аясында марапаттар келесі номинациялар бойынша табысталды: «Қайсар» – жыл батыры, «Нұрлы ақыл» – үздік жас ғалым, «Ыстық қайрат» – еңбек адамы, «Жылы жүрек» – жыл волонтері, «Жылдың әлеуметтік жобасы» – үздік әлеуметтік жоба, «Белсенді рухтас» – жыл белсендісі, сондай-ақ «Жастар Рухы» қолдаушысы, «Жастар Рухы» үздік бөлімшесі» және «Жастар Рухы» үздік филиалы».
«Жылы жүрек» – жыл волонтері номинациясы Қарағанды қаласының тұрғыны, академик Е.А. Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің студенті Садвакасов Зият Айдынұлына табысталды. Ол 14 жасынан бастап «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенді мүшесі ретінде соңғы бес жылда жүздеген әлеуметтік жобаларға қатысып, қоғам дамуына үлес қосты. Волонтерлік қызметі аясында төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысты. Сондай-ақ «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы аясындағы экологиялық бастамаларға және қайырымдылық жобаларға қатысып, колледждер мен университеттерде жастарды волонтерлік қызметке тарту бағытында кездесулер өткізді.
Сонымен қатар «Белсенді рухтас» – жыл белсендісі номинациясы бойынша еліміздің барлық өңірлерінен 20 азамат марапатталды. Аталған номинация аясында «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының белсендісі Ермеков Санжар Болатұлы да марапатқа ие болды. Ол жастар қанаты шеңберінде түрлі акциялар мен жобаларды жүзеге асырып, волонтерлік бағдарламалар мен әлеуметтік бастамаларды ұйымдастыруға атсалысып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келеді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар «Рухтастар» сыйлығы белсенді, жауапты және бейжай қарамайтын жастарды қолдаудың маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Мұндай бастамалар волонтерлік қозғалысты дамытуға, әлеуметтік жобаларды қолдауға және қоғам дамуына үлес қоса алатын жаңа буын көшбасшыларды қалыптастыруға ықпал етеді.
