Алтын кесек пішінді кітап

Қарағандыда поэма жанрында жазылған «Қанышнаме» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы – елге белгілі айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев. Ол – бірнеше республикалық айтыстың жеңімпазы, 2015 жылы «Алтын домбыра» иегері болған.


Кітап академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай шығарылған. Шағын кітап барлығы 300 шумақтан тұрады. Кітап дизайны ақын талғамымен жасалған, яғни ғалымның өзі тапқан алтын кесек пішінінде.


Поэма негізінде жазылған кітапта әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бүкіл өмір жолы мен атқарған қызметтері өлең жолдарымен суреттелген.


– Биыл – ғұлама ғалым, дала данышпаны, адамзаттың алыбы десек те артық етпес, Қаныш Сәтбаев ағамыздың мерейтойы. Қаныш атамыздың бір ұрпағы болғаннан кейін, Сәтбай атамның ғұмырынан бастап Қаныш атамның бүкіл өмір жолын – барлығын үш жүз шумақ өлеңге сыйдырып, үш жүздің мұң-қайғысымен бірге өріліп «Қанышнаме» деп аталатын осы кітап жарыққа шықты. Кітаптың шығуына үш айдай уақыт кетті. Қаныш атамыз әлемнің Дели, Пекин, Лондон, Париж қалаларында болғанмен, Түркияда болмапты. Сондықтан кітаптың тұсаукесерін Түркия еліне апарып жасап, елге келіп, Қаныш атамыздың ізімен Астанадан бастап Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Алматы, Баянауыл арқылы жүріп өтетін ойымыз бар. Бұл кітап алдағы уақытта тағы үш тілге – түрік, ағылшын, орыс тілдеріне – аударылады, – дейді автор.
Әзірге қазақ тілінде 2000 дана шығарылды. Олар кітапханаларға таратылады және қалған бөлігі сатылымға шығады.


Еске салайық, былтыр елімізде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөнінде жалпыреспубликалық жоспар бекітілген болатын. Аталған жоспар 52 пункттен тұрады. Ғалымның мерейтойын жыл көлемінде атап өту рәсімінің ресми ашылу салтанаты биыл 12 сәуірде өтті.

Құралай ӘЛЖАППАР, «QH»