Алаяқтық өршіп тұр

Жыл басынан бері Қарағанды облысында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалары күрт артқан. Құзырлы органдардың мәліметінше, түрлі алдау тәсілдері арқылы халықты шатастырмақ болған алаяқтардан түскен 66 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталған. Нәтижесінде 2 мыңға жуық алаяқтық фактісі тіркеліп, бұл мәселе өңірде алаңдаушылық туғызып отыр.

Қарағанды облысында жыл басынан бері 76 сим бокс құрылғысы тәркіленді. Бұл құрылғылар көбінесе шетелде отырып, қазақстандық нөмірлер арқылы халықты алдамақ болған алаяқтар пайдаланған. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе түрлі мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, SMS пен қоңырау арқылы сенімге кірмек болған.

– Алаяқтардың әдістері күн сайын жаңарып келеді. Қазір олар түрлі цифрлық құралдарды, соның ішінде сим бокс сияқты құрылғыларды қолдана отырып, халықты алдауға тырысуда. Олар өздерін банк қызметкері, полиция не басқа ұйымдардың өкілі ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіреді. Зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтар жиі алданып қалады. Олар телефон арқылы берілген ақпаратқа тез сеніп, жеке деректерін немесе банк картасының мәліметтерін оңай айтып қояды. Бұл – алаяқтықпен күресте үлкен қадам. Жаңа жүйе банктерге полиция санкциясын күтпей-ақ, күмәнді транзакциялар кезінде тұтынушылардың есепшоттарын уақытша бұғаттап, шұғыл шара қабылдауға мүмкіндік береді. Уақыт – басты фактор, сондықтан бұл жүйе көптеген адамды қаржылық шығыннан құтқарып үлгерді, – деді Қарағанды облыстық ПД кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дінмұхаммед Зияда.

Қарағандыда қаржы алаяқтығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Экономикалық тергеу департаменті, полиция департаменті және «Amanat» партиясының облыстық филиалы бірлесіп, түсіндіру шараларын қолға алды. Соның бірі – зейнеткерлермен өткен арнайы кездесу. Мамандар егде жастағы азаматтарға алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдерін түсіндіріп, сақ болуға кеңес берді.

– Ең бастысы – абай болу. Банк, полиция, не басқа ресми мекеме ешқашан сізден жеке деректерді телефон арқылы сұрамайды. Ешкімге картаның CVV кодын, PIN-кодын немесе SMS арқылы келген растау кодтарын айтпаңыз. Күмән туса, бірден полицияға хабарласыңыз, – дейді  «Аманат» партиясы ҚОФ төрағасының орынбасары Гүлсім Қожахметова.

Қарағанды облысында алаяқтықпен күрестің жаңа кезеңі басталды. Енді іске қосылған «Антифрод» жүйесінің көмегімен банктер, полицияның ресми санкциясын күтпей-ақ, алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден тұтынушының шотын қорғау шараларын қолдана алады. Бұл – тұрғындарды қаржылық қылмыстардан жедел әрі тиімді қорғауға мүмкіндік беретін тың қадам.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»