Алаяқтар зейнеткерлерді алдап, несие рәсімдеп алған

Қарағандыда алаяқтардан бірнеше зейнеткер зардап шекті. Бір қызығы, қылмыскерлер зейнеткерлердің аты-жөні мен телефондарын ғана емес, тіпті банк картосындағы цифрларды да жатқа біліп алған. Ал, мұндай аса құпия ақпараттарды олардың қайдан алғаны белгісіз.

Зейнеткер Светлана Доброскокинаның бұрыннан алған несиесі болған. Сондықтан «банк қызметкерімін» деп телефон шалған адамнан ол еш күдіктенбепті. Оған телефон шалған адам несиесін қайта қаржыландыруды ұсынған. Алайда, ол бас тартыпты. Осыған қарамастан қарызына қарыз жамап, тағы 1,5 миллион теңге несиесі пайда болғанын білген. Алаяқтар Светлана Доброскокинаның ЖСН нөмірі мен тегін, тіпті банк картасының нөмірін де білген. Барлық хабарламалар банк нөмірінен келіпті. Енді ай сайын 36 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл — күн көріп отырған зейнетақысының тең жартысына жуық сома. Қазір бұл іс бойынша «алаяқтық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалған.

Қарағанды облысының заң тұрғысында кеңес беруші палата өкілі Елена Попова бұл тарапта ақпараттарды барынша қолжетімді етеміз деп құпия деректерге қол сұғуға мүмкіндік беріп жатқанымызды айтады.

Жалпы, алаяқтар атыңыздан несие алғанын білсеңіз не істеу керек? Заңгерлер қазіргі таңда өзге адамның жеке төлқұжатын пайдаланып несие алатын жағдайлар көбейіп кеткенін айтады. Сондай-ақ, адвокат өз атыңыздан өзге адам сіздің атыңыздан несие алған болса, қарыз шарты бойынша тиісті банкке бару керек екенін атап өтті.

«Егер өз атыңыздан несие алынғанын анықтасаңыз ішкі істер басқармасына арыз түсіруіңіз керек. Сонымен қатар, банк бөлімшелеріне де арыз түсіру қажет. Олар қарыз шартын беріп, тиісті тексерістер жүргізеді. Банк тарапы несиеге қатысты құжаттаманы береді. Ол құжатта несие алуға қалай өтініш берілгені, шартқа қалай қол қойылғаны және кассадан қаражатты алғанына дейін барлық ақпарат тұрады», — дей ол. Адвокаттың айтуынша, көп жағдайда төлқұжат иелері өздерінің атынан несие алынып жатқанын білмей қалады. Ондай жағдайда бірден банк басшылығына несие алынғанын алға тартып, шағымдануы керек екен.

«Банктен несие алынғаны туралы шартты талап ету керек. Сол шартты алып, сотқа қарыз шартын жарамсыз деп танысын деп талап қоюға болады. Кейде тіпті банк тарапы да «несие алушы қарызын өтемей жатыр» деп, сотқа шағымдануы мүмкін. Ондай кезде «соттың шешімімен келіспеймін» деп судьялар жеңілдетілген жолмен қарастырып жатыр. Яғни сотқа ешкімді шақырмай-ақ, шағымданушы банкке өтініш берсе болды, өздері-ақ қарай салады», — дейді ол.

Адвокат ондай кездері соттың шешімімен келіспей, күшін жоюын талап етіп, қайтадан қарастыруды талап ету керек екенін атап өтті. «Сот барысында шартқа қол қоймағаныңызды талап етуіңіз керек. Егер өзіңіз шартқа қол қоймаған болсаңыз, сараптама тағайындауды сұрау қажет. Сотта қарсы пікіріңізді білдіруіңіз керек. Яғни банк қарыз ақшаны өндіру туралы талап қойған жағдайда ол талаптан бас тартуды және оны қанағаттандырмауды сұрау қажет. Сол жағдайда сараптама тағайындалады. Сараптама бойынша несие алушы тиісті түрде шартқа қол қоймағаны дәлелденсе, сот банктің талабын қанағаттандырмайды».

Бұдан бөлек, ішкі істер басқармасына қылмыстық іс қозғау туралы шағымдануға болады. Сол бойынша басқарма тиісті тексерістер жүргізіп, кінәлі адамдарды табады.

«Алаяқтар табылған жағдайда Қылмыстық кодекстің 190-бабымен «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғауы мүмкін. Кей жағдайда несие беретін адамды да мұқият тексеру қажет. Себебі несие беруші мен өзге адамның төлқұжатымен несие алушы сыбайлас болуы мүмкін. Бізде ондай жағдайлар да көп кездесіп жатыр», — дейді адвокат.

Қылмыстық іс қозғалған жағдайда жаза Қылмыстық кодекстің қай тарауына жататынын анықтағаннан кейін тағайындалады.

«Іс қозғалған жағдайда Қылмыстық кодектің 190-бабы бойынша 1, 2, 3 және 4-бөлігі деп бөледі. «Алаяқтық» бабы бойынша өзге адамның атынан несие алғаны дәлелденген жағдайда бірінші бөлік бойынша сараланады. Егер алаяқ бір емес, бірнеше адамның атынан несие алған болса, әрбір қылмысы бір бөлім болып саналады. Яғни 10 адамды алдаған болса, 10 бөлім деп есептеледі. Осы бойынша 2019 жылы Заңға өзгеріс енгізілді. Қылмыс бөлімі көбейген адамдарды үшінші бөлікке ауыстырады. Яғни 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оны сот белгілейді», — дейді адвокат.

Расул МҰХАММЕД,

QH.