Алаяқтар балаларды нысанаға ала бастады: ата-аналарға ескерту
Жаңа оқу жылы басталғалы өзін мұғалім ретінде таныстырып, оқушыларға қоңырау шалатын алаяқтар анықталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
Комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, жалған мұғалімдер электронды күнделік қайта шығарылатынын сылтауратып, оқушылардан телефонға келген SMS-кодтарды хабарлауын сұрайды.
«Бала оны ата-анасына немесе мектебіне көмектесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Іс жүзінде алаяқтар осы кодтарды пайдаланып электрондық үкімет жүйесіне, онлайн банкингке немесе туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді. Есте сақтаңыздар, СМСтегі кодтар – жеке мәлімет, оларды ата-анадан басқа ешкімге айтуға болмайды», – деді ол.
Қарағандылық полицейлердің айтуынша, облыста мұндай фактілер тіркелмегенімен, студенттерге қатысты оқиғалар жиілеген.
«Ең алдымен балалармен профилактикалық жұмыс жүргізу қажет. Яғни, олармен әңгіме өткізіп, егер күнделікті бұзды немесе SMS-кодты беру керек деген сылтаумен қоңырау шалынса, бұл жағдай туралы ең алдымен ата-анасына хабарлау керектігін түсіндіру керек. Ешқандай SMS-кодты бөгде адамдарға беруге болмайды», – деп ескертті Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Абылай Жұманов.
Психолог Виктория Аншакова алаяқтардың қолданатын әдістеріне тоқталды.
«Алаяқтар жақсы ойластырылған үш тәсілді қолданады: беделге сендіру – мұғалімнің атынан сөйлесу, жеделдік – “тез істеу керек” деп асықтыру және құпиялылық – “арамызда құпия болып қалсын” деп сендіру. Бала мұндай қысымға қарсы тұра алмай қалады», – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, ата-аналар баламен сенімді қарым-қатынас орнатуы тиіс. Балаңызға мұғалімдер ешқашан СМС-код немесе сілтеме сұрамайтынын түсіндіріңіз, «Қазір анам (немесе әкем) сізге хабарласады» деп айтуға үйретіңіз. Балаға белгісіз сілтемелерге кірмеуді, таныс емес қосымшаларды орнатпау керегін және картаға шектеу қоюдың маңызын түсіндіріңіз.
Қаржылық сауаттылық бойынша курстардың авторы әрі жүргізушісі Александр Репников балалармен ойын арқылы қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруды ұсынады.
-Бала ойын арқылы құпия сөздер мен алаяқтық арасындағы байланысты түсінуі керек. Мысалы, “код”, “CVC коды”, “карта нөмірі”, “жеткізу” сияқты сөздерді үйретіп, кешке отырып алаяқтар туралы ойын ойнаңыз. Осылайша бала негізгі сөздерді есте сақтап, дұрыс сәтте сұрақтар қоя бастайды, – дейді ол.
Мамандар балалардың телефонына ата-ана бақылауын орнатуға, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларды қадағалауға кеңес береді. «Жеткізу» деген сөзді естігенде есікті ойланбай ашпау керегін де түсіндірген дұрыс.
Алаяқтардың мақсаты бір – баланы тосыннан ұстап, сенімге кіріп, қорқытып немесе пайда уәде етіп, тез әрекетке итермелеу. Сондықтан ата-аналар балаларымен бірге түрлі мысалды талқылап, күмәнді жағдайда қалай әрекет ету керегін алдын ала үйретуі қажет.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»