Алаштың Қарқаралысы

Қарағанды облысында Қарқаралы петициясының 120 жылдығына арналған «Алаштың Қарқаралысы» атты ғылыми-тарихи жинақтың тұсаукесері өтті. Жаңа басылымда Қазақстан ғалымдарының зерттеулері жинақталып, Қарқаралы көтерілісінің маңызы мен оның қазақ ұлттық қозғалысына ықпалы жан-жақты талданған. 

Кітаптың жарыққа шығуына Қарағанды облысы әкімдігі қолдау білдірген. Жинақтың таныстырылымына ғалымдар, өлкетанушылар, тарихшылар, мұғалімдер және жоғары сынып оқушылары қатысты. Олар Қарқаралы петициясының тарихи маңызы мен оның қазақ халқының азаттық жолындағы рөлі туралы баяндамалар жасап, ғылыми пікірлерін ортаға салды. 1905 жылғы 25 шілдеде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы петиция қабылданып, император Николай II-ге жолданды. Бұл петиция қазақ халқының әлеуметтік, саяси және ұлттық құқықтарын қорғауды талап еткен алғашқы құжаттардың бірі болды. Оған 15 мыңға жуық адам қол қойған, олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев сынды Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері бар еді. Қарқаралы петициясы қазақ халқының саяси санасының оянуына ықпал етіп, кейін Алаш қозғалысының бағдарламалық негіздерінің қалыптасуына жол ашты.

– Қарқаралы петициясының 120 жылдығына арналған бұл кітап – маңызды тарихи оқиға. Жинақта көптеген тарихи фактілер қамтылған, бұл оны өткен ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысына арналған ескерткіш деп атауға негіз береді. Өзім өлке тарихын зерттеп, осы тақырыпта алты кітап шығардым. Қарқаралының тарихын зерттеу әлі де жалғасын табады деп сенемін, – деді өлкетанушы Саят Оспанов.

Тұсаукесерге қатысушылар петицияның қазақ қоғамына ықпалы, Алаш қайраткерлерінің саяси күресі, Қарқаралы өңірінің ұлттық қозғалыстағы рөлі, қазіргі заманғы тәуелсіздікке жетудегі тарихи сабақтар тақырыптарында баяндамалар жасады. Тарихшылардың пікірінше, Қарқаралы петициясы – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының саяси көзқарасын айқындаған құжаттардың бірі. Ол кейінгі жылдары Алаш партиясының құрылуына және қазақ автономиясы туралы идеялардың қалыптасуына негіз болды.

– Кітап тек Қарқаралы тарихына ғана емес, жалпы қазақ халқының тағдыры мен тәуелсіздік тарихына қатысты көптеген маңызды деректі қамтиды. Мұнда «Алаш» қайраткерлерінің ерлігі, олардың халықтың азаттығы үшін күресі кеңінен баяндалған. Біздің өлкеміз үшін бұл – ерекше маңызы бар оқиға. Өйткені, Алаш қозғалысының идеялары осы Қарқаралы жерінде бастау алды, – дейді зерттеуші, Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері, тарихшы Сатбек Сламбеков.

Бүгінгі тұсаукесер – қазақ халқының саяси тарихындағы маңызды кезеңді жаңғыртатын құнды басылымның жарыққа шығуы ғана емес, сонымен қатар ұлттық сананың жаңғыруына ықпал ететін тарихи оқиға.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»