Ғаламтордағы қауіп

Әр төртінші ата-ана баласының қандай сайттарға кіріп отырғанын тексереді, ал әр бесіншісі баласының кейбір ресурсқа қолжетімділігін шектейді. Интернеттегі қауіп-қатер мен баланың ғаламтордағы іс-әрекетін қалай бақылау керек және TikTok-ты бұғаттау қажет пе?

«Касперский зертханасы» жүргізген зерттеу нәтижелері ата-аналардың ғаламтордағы қауіптерге қатысты алаңдаушылығын айқын көрсетті. Мыңнан астам адамның қатысуымен өткізілген сауалнама нәтижесінде, жартысынан астамы интернетте балаларға қауіп төндіретін факторларға алаңдайтынын растады. Сауалнамаға сәйкес, ата-аналар суицидтік ойындар, қолайсыз контент және балалардың интернетте көп уақыт өткізуі сияқты мәселелерден қауіптенеді. Сондықтан олар балаларымен жиі әңгімелесіп, браузер тарихын тексеріп, интернетте уақытты шектеуге тырысады немесе белгілі бір сайттарға кіруге тыйым салады.

Статистикалық мәліметтер:

26% – браузер тарихын тексереді;

19% – қолайсыз сайттарға кіруді шектейді;

15% – балаларға онлайн ойын кезінде мессенджерлерде сөйлесуді ұсынғанын байқаған;

53% – балалармен ғаламтордағы қауіптер туралы әңгімелесіп отырады;

30% – интернетте отыру уақытын шектейді;

28% – ата-ана бақылау бағдарламаларын қолданады.

Әлеуметтік желі жасаушылары да ата-аналарға балалардың тұтынатын ақпаратын бақылау қажеттілігі туралы ескерту жасайды. Қазіргі таңда TikTok, Facebook, YouTube платформаларында ата-ана бақылауы қолжетімді, ал Instagram бұл функцияны келесі жылдан бастап іске қоспақ. Бұдан бөлек, көптеген смартфонда экран уақытын шектеу функциясы бар. Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, соңғы кездері киберқылмыскерлер тарапынан әлеуметтік инженерияның кеңінен қолданылуы байқалады. Сондықтан балаларға интернеттегі ақпаратты сұрыптауды мектеп жасына дейін үйрету қажет.

– Кітаптар мен фильмдерде «ересек контент» деген сияқты шектеулер бар. Кейбір бала мұндай идеяларды тура мағынасында қабылдайды. Олар бөгде ықпалға тез беріледі, сондықтан балалар кіммен және қайда сөйлесетініне мән бермей, киберқылмыскерлердің жеміне айналуы мүмкін. Ал барлық нәрсені тыйым салу еш нәтиже бермейді, – дейді киберқауіпсіздік сарапшысы Калилалло Байтасов.

Сарапшылар TikTok-қа тыйым салу балаларды интернет қауіптерінен қорғай алмайды деп санайды, себебі, олар сол контентті басқа әлеуметтік желілерден таба алады.

– Жасөспірімдермен арада келісім орнату маңызды, әсіресе олар 12-13 жасқа толған кезде. Бұл жаста балаларға тікелей шектеулер қоюдың орнына, оларға жауапкершілік жүктеп, тәуелсіз таңдау жасау мүмкіндігін берген дұрыс. Егер біз қауіптер туралы айтатын болсақ, онда артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіндіріп, балаға дұрыс ақпарат беруіміз керек, – дейді психолог Татьяна Савицкая.

Сарапшылар балалардың онлайн-ойындарда мессенджердегі чаттарға ауысу ұсыныстарына ерекше назар аудару керек деп отыр. Балалар чатта өзін құрдас ретінде көрсететін, бірақ шын мәнінде балалар манипуляциялауға қабілетті ересектермен немесе педофилдермен сөйлесіп қалуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға кеңес: балаға көбірек көңіл бөліп, осылайша оның виртуалды қарым-қатынасқа деген қажеттілігін азайту қажет.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                     

«QH»