Алаңсыз тыныстау — арман

Қыста қара қардан, жазда шаң-тозаңнан арылмайтын Теміртаудың мәселесі экологтарды да, қарапайым тұрғындарды да бей-жай қалдырмаған өзекті мәселе. Әлеуметтік желі арқылы жанайқайын жеткізген жұрт бұл жолы терезе алдындағы магнитке жабысатын шаң-тозаңға алаңдаушылық білдірді. Ауа құрамында металл ұнтағы болмаса, шаң өздігінен магнитке жабыспас еді деген жұрт денсаулықтарына алаңдаулы.

Теміртау қаласында ауаның ластану деңгейі жылдан жылға ушығып бара жатқаны бұған дейін талай рет айтылып, жазылған. «Біз, қала тұрғындары, жыл сайын ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың көлемінен бейхабармыз. Ауада қандай қауіпті заттар бар екенін және олардың мөлшері қандай екенін білмейміз. Жергілікті кәсіпорындар бізді және балаларымызды немен улап жатыр, мемлекеттік өкілетті органдар тарапынан табиғатты қорғау жөніндегі заңнама талаптарының орындалу барысы тексеріле ме, тексерілсе, қорытындысы қандай? – осы сауалдарға жауап алғымыз келеді. Жергілікті билік бізді қаладағы экологиялық түйткілдің жай-жапсары, олармен күресу үшін атқарылып жатқан шаралар жайлы құлақтандырмайды», — деп тиісті тексеру мекемелеріне тұрғындардан хатта жазылған. Хаттан қайыр болмады. Ал тұрғындар қаланың экологиялық ахуалы жақсарар деген алдамшы арманмен күнелтуде.

«Қазгидромет» мамандарының бірнеше жыл бұрынғы мәліметтеріне көз жүгіртсек, ондағы ауа құрамында азот диоксиді мен фенолдың көрсеткіші шекті деңгейден бірнеше есе асып кеткені айтылған. Фенол мен азот диоксиді – ең қауіпті өндірістік ластаушылардың бірі. Олар шырышты қабықты, жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйесін зақымдайды. Сондай-ақ, бұл улы заттар адамның ішкі органдарының қалыпты қызметін бұзып, ауыр сырқат түрлерінің пайда болуына әкеліп соғады. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісік ауруын тудыру қаупі жоғары. Ал сол азот диоксиді мен фенолдың бүгінгі көрсеткішін тексерген кім бар? Ендеше аспанын көк түтін торлаған қала тұрғындарының қыста қара қардан секем алуы, жазда магнитті шаңды ойлап қапа болуы орынды. Бұл жолы әлеуметтік желіде тараған бейнежазба өндірісті қала тұрғындарының күдігін өршітті. Тұрғындардың қайсыбірі іргемізде металлургиялық комбинат жұмыс жасап тұрғанда таңданатын несі бар деп жақсылықтан үміттерін үзгендіктіктерін білдірді. Теміртау тұрғыны терезе алдына қонған шаң тозаңына магнитті жақындатқанда шаң тозаңының магнитке шапшаң жабысқаны байқалады. Бұл жолы магнитті шаңнан шошынған жұрт осыған дейін қара қарға қапаланған. Ол кездегі зерттеулер Теміртаудағы ластанудың негізгі бөлігі «Арселор Миттал» металлургия комбинатының шығарындылары екенін растаған. Нақтылар болсақ, 2018 жылы тұрғындардың тынышы кеткен соң арнайы жұмыс тобы жасақталған. Құрамына экологтар, синоптиктер, тәуелсіз сарапшылар, прокурорлар кірген. Сол кезде зерттеу нәтижесі қар құрамында көміртек, темір, балқыған металл ұшқыны барын растаған. Ауаның 77 пайызын алпауыт өндіріс орындары ластап отырғанын да айтқан еді. Өз кезегінде энергетика вице-министрі «Ауаға залал келтіретін барлық кәсіпорындар, яғни атмосфераның метео жағдайына ауытқушылық тудырушылар залалды азайту тәртібіне көшулері керек. Біз оны қатаң қадағалаймыз» деген. Алайда өңірдегі өндірісітік компанияның қашанда өз уәжі бар. Олардың пайымдауынша, ауаның ластануына автокөліктер санының артуы, үй пештерінің үлесі де бар екен. Дегенмен зертхана қызметкерлері де шаңның магнитталатынын байқаған.

Қарағанды облысының танымал экологы Дмитрий Калмыковтың сөзінше, «АрселорМиттал» металлургиялық комбинатының шығарындыларындағы темір әртүрлі формада ұшады. Шаң құрамында түрлі заттар бар, бұл магнитті тозаң денсаулық үшін қауіпті де, пайдалы да емес. Темір — бұл улы металл емес. Бізде қан темір қосылыстарынан тұрады. Магниттелмейтін, бірақ улы болып табылатын басқа заттар қауіпті. Темірге араласатын әртүрлі металдар, әртүрлі органикалық қосылыстар олар металдарға қарағанда әлдеқайда улы.

Ресми емес есептеулер бойынша комбинаттан күн сайынғы ауаға бөлінетін лас қалдықтарды Теміртаудың әр тұрғынына шаққанда бір адамға шамамен 4 келіден келеді екен. Дәрігерлер қаладағы сырқаттылық деңгейі облыс бойынша орташа деңгейден де жоғары деп алаңдаулы. «АрселорМиталл Теміртау» басшылығы бұл жайға әлі түсініктеме берген жоқ. Облыстық экология департаменті бейнежазба авторына жоспардан тыс тексеру ашу үшін ресми хат жазуға кеңес берді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

QH.