Қала келешегі – күн тәртібінде
Қарағанды қалалық мәслихатының XXXVIII сессиясы өтті. Басқосуда депутаттар 2025 жылға арналған Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандарды абаттандыру мәселелерін талқылап, қаланың көркейіп, тұрғындар үшін жайлы болуына бағытталған бастамаларды ортаға салды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Қала келбетін жақсарту – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Осы бағытта Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы екі ауданның әкімдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Олар аулалар мен гүлзарларды абаттандыру, ағымдағы жөндеу жұмыстары және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
– Бүгінде гүлзарды жаңарту жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Бұған дейін балалар ойын элементтері мен шағын сәулет нысандары орнатылды, аумақ көгалдандырылды. Ал қазіргі таңда тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, вело және жүгіру жолдарын абаттандыруға кірістік. Егер байқап жүрген болсаңыздар, бұл жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде, – деді Қазыбек би атындағы ауданының әкімі Ералы Оспанов.
– Абаттандыру бойынша біз 20-дан астам аула аумағын жоспарладық, Осы шаралар шеңберінде мыналар орындалатын болады: тұрақ аймақтарын кеңейте отырып, жолдарды асфальттау, тротуарларды орнату, кіреберістерді, орамішілік жолдарды асфальттау, кірме жолдарды, қоқыс контейнерерді орналастыру, – дейді Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев.
Қалалық мәслихат депутаттары абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударып, талқылауға белсенді қатысып жатыр. Олар жобалардың мерзімі мен сапасына қатысты сауалдар қойып, абаттандырылған нысандардың, әсіресе балалар мен спорт алаңдарының қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.
– Онда өте үлкен трафик бар, Ержанов көшесінен көп адам өтеді. Маған фотосуреттер де жіберілді. Осыған байланысты сұрағым: жаяу жүргіншілер жолын одан әрі абаттандыру жоспарда бар ма, – деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бақтияр Омарханов.
– Онда жолдың аралығы тар және көптеген жасыл кеңістіктер, көптеген бизнес нысандары бар екенін ескеру керек. Біз егжей-тегжейлі қарастырамыз. Бұрын бұл жолды жауып жасау керек болған. Бұл мәселе әлі талқылау сатысында, – деп жауап берді Ералы Оспанов.
– 2025 жылы жаңа контейнерлерді орнату үшін барлық алаңды жабамыз деген мәселені талқыладық. Айтыңызшы, осы кезеңде жаңа контейнерлер орнатуды жоспарлаудың қанша көлемі орындалды? – деп сұрады Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Денис Дедов.
– Бүгінгі таңда коммуналдық қызметтер қызмет көрсетуде жаңа еуроконтейнерлерді орнату жоспары жоқ. Тиісті жұмыстар осыған дейін атқарылған күйде қалады, – деп жауап қатты аудан әкімі Досбол Күлекеев.
Сессия барысында депутат Төлеген Әшімов жұмыстар сапасын бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Ол аулалардан бастап контейнерлік алаңдарға дейінгі аумақтарды паспорттауға ерекше көңіл бөліп, объектілердің одан әрі тұрақты күтімін қамтамасыз етуді ұсынды.
– Қала тұрғындарынан аулаларға балалар алаңдарын орнатуды сұрап көптеген өтініш келіп түседі. Қалалық мәслихат депутаттары тұрақты негізде азаматтардың өтініштері бойынша, абаттандыру мәселелері бойынша депутаттық сауалдар жолдайды. Депутаттар кепілді қызмет көрсетудегі балалар ойын алаңдарына мониторинг жүргізді, онда жұмыстарды сапалы орындамау фактілері анықталды, оларды жою қажет ақаулар анықталды, – деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімов.
Қалалық мәслихат депутаттары қала аумағындағы абаттандыру жұмыстарының сылбырлығына алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, кейбір аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары өз міндеттерін дұрыс атқармай отыр. Аулалардағы қираған ойын алаңдары әлі де жөнделмей тұр, ал мердігер ұйымдар келісімшарт талаптарын орындамаса да, тиісті заңгерлік шаралар қолданылмай келеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»