Қала көшелерінің жаңаруы

         Қарағандыда көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағында автожолдар салынып, жол қозғалысын басқарудың заманауи тетіктері енгізілуде, сондай-ақ қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Бұл шаралар көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді.

Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – Мұқанов көшесі бойымен салынатын жаңа автожол. Ұзындығы 6 шақырым болатын бұл магистраль Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс ауданын тікелей байланыстырып, қаладағы негізгі жолдарға түсетін жүктемені едәуір азайтпақ. Төрт жолақты жаңа автожол заманауи талаптарға сай жарықтандыру жүйесімен, веложолақтармен, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлармен және автотұрақ орындарымен қамтылады. Құрылыс жұмыстарының бір бөлігі аяқталған, ал қалған кезеңдері алдағы уақытта жалғасады.

Көлік инфрақұрылымын дамыту барысы Қарағанды қаласын дамыту мәселелері талқыланған жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды.

2025 жылы қала аумағында жол жөндеу және құрылыс жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Жалпы алғанда, жұмыстар 80 шақырымнан астам көше-жол желісін қамтыды. Екі учаскеде күрделі жөндеу жүргізіліп, бір автожол толық қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар үш жаңа автожол пайдалануға берілді. Орташа жөндеу аясында 50 көшеде 76 шақырымнан астам жол жабыны жаңартылды.

– 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, бес автожол салу көзделіп отыр. Олар – Бөкетов, Приканальная және Университет көшелері, Мұқанов көшесі бойындағы магистральдің жалғасы, сондай-ақ Волочаевская мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасындағы жаңа шағын аудандағы орамішілік жолдардың аяқталуы. Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстары да жалғасады. Нәтижесінде жақсы және нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 88%-ға жетеді, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Қалада жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және көлік жүйесін цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Smart city жобасы аясында жасанды интеллект элементтері бар «ақылды» бағдаршамдар енгізіліп, олар Yandex карталарымен біріктірілген. Бұл жүйе көлік ағынын нақты уақыт режимінде талдап, қозғалысты тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Аргус-жаяу жүргінші» кешендері іске қосылып, автотұрақ орындарының бос немесе бос еместігін көрсететін park.king жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстарға қаланың 350 бейнебақылау камерасы жұмылдырылған.

Қоғамдық көлік жүйесін дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Бүгінде жолаушылар сапарларының 95 пайыздан астамы қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы автобус паркі 70 жаңа көлікпен толықтырылды. Соңғы үш жыл ішінде қоғамдық көліктердің орташа пайдалану мерзімі 11 жылдан 6 жылға дейін қысқарды. Сонымен қатар қозғалыс кестелері қайта қаралып, кейбір маршруттарда қатынау уақыты ұзартылды. Бұған қоса, бұрын тоқтап тұрған екі қалалық бағыттың жұмысы қайта жанданды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»