Акция қорытындысы
Мақсат – қоршаған орта құндылықтарын сақтау, жануарлар дүниесі мен өсімдік әлемін қорғау. Қарағанды облысында «Табиғаттың супер қаһарманы: биотүрлілікті сақтау миссиясы» акциясының қорытындысы жарияланды.
«Табиғаттың супер қаһармандары: биоалуантүрлілікті сақтау миссиясы» акциясын өткізуге Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен Қарағанды облыстық Экомұражай ұйытқы болған. Біздің облыста алты айдан астам уақытқа ұласқан акцияның мақсаты – жұртшылық назарын өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, сирек және жойылып бара жатқан тіршілік түрлеріне аудару. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарауға шақыру. Экологиялық мәселелерге негізделген акция аясында квест-серуендер, флешмобтар және шығармашылық байқаулар өткізіліп, бекітілген тақырыпта дәріс оқыған. Жоба бес мыңнан астам балалар мен ересектерді қамтыды.
– Мен сыныбымызда бір картинаны көріп тура сондай сурет салғым келді. Ормандағы тіршілік иелері жайында білемін. Ата-анам айтқан, табиғатты салу маған өте қызық, – дейді сурет және коллаж байқауының 2 орын жеңімпазы Ксения Грицакова.
Биотүрлілікті сақтау миссиясына көңіл бөлуге шақырған акцияның мақсаты да осы табиғатты таныту, қызыл кітапқа енген, сирек кездесер жануарлар, өсімдік әлеміне олардың жоғалу қаупіне көпшілік назарын аудару. Акция шеңберінде мамандар экомузейде, сондай-ақ мектептерде белгіленген тақырыптар аясында арнайы дәрістер оқыды. Ал акция соңында қыркүйек-қазан айларында ұйымдастырушылар «Қарағанды облысының биоәртүрлілігі және табиғи құндылықты сақтаудың маңыздылығы» тақырыбында сурет салу, коллаж жасау бағытында төрт шығармашылық байқау өткізді. Байқауға Қарағанды облысының 12 қаласы мен ауылдық елдімекендерінен 3 пен 16 жас аралығындағы балалардан 246 сурет, коллаждар жолданған. Байқауға жас суретшілермен қоса ересектер де қатысып, туған өлкеміздің сұлулығы мен табиғатының маңыздылығын көрсетуге тырысты. Әрбір шығарма өзінше ерекше және қоршаған ортаны танып білу қамқорлық жасау маңыздылығын ұғындырады.
– Мені жануардың ерекшелігі қызықтырып, соны салуға тырыстым. Суретке кіріспес бұрын википедиядан қарап іздендім, өзіме ұнаған суретті іздеп, таңдап алдым. Сол еңбегім бағаланды, – дейді акцияға қатысушы Софья Сидельникова.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»