Қайырымдылық қорының білім мен медицинаға бағытталған жобалары
Қарағанды облысында өткен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңірлік баспасөз туры ұлттық қайырымдылықтың IV конференциясы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қордың қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан 33 жобасы таныстырылды. Бұл бастамалардың басым бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қолдауға бағытталған. Қордың аймақтардағы жұмысы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге нақты үлес қосуда.
Қарағандыда балаларға арналған заманауи нейрохирургия және оңалту қызметі қолжетімді бола түсті. Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы Қарағанды облыстық балалар клиникалық ауруханасында «Қазақстан халқына» қорының екі маңызды қайырымдылық жобасы жүзеге асты. Оның аясында жаңа нейрохирургия бөлімі ашылып, жоғары технологиялық жабдықтар орнатылды. Бұл балаларға күрделі ота жасап қана қоймай, бірден оңалтудың екінші кезеңіне өтуді мүмкін етеді. Сонымен қатар аурухана базасында «QH Оңалту орталығы» жұмыс істей бастады. Мұнда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді оңалту көмегі көрсетіледі. Мұндай орталықтар елімізде алты аймақта ашылады деп жоспарланса, соның бесеуі бүгінде қызмет көрсетіп отыр. Екі жобаның жалпы құны — 249 миллион теңге.
— Бірінші жоба ерте араласу орталығын жабдықтауға бағытталған. Оның басты мақсаты — дамуында бұзылыстары бар немесе ондай қауіп-қатері бар үш жасқа дейінгі балаларға ерте кезеңде диагностика мен оңалту көмегін көрсету. Бұл бастама балалардың мүмкіндігінше ерте қолдау алып, болашақта дамуына кері әсер ететін факторлардың алдын алуға жағдай жасайды. Аталған жоба қазіргі таңда Қазақстанның 13 өңірінде жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде Қарағанды қаласы да бар. Бүгінде осындай 12 орталық ашылып, жұмысын бастап кетті. Барлық жобаларды іске асыруда облыс әкімдіктері негізгі серіктес ретінде қолдау көрсетуде. Олар инфрақұрылымды дайындау, ғимаратты жөндеу, сондай-ақ мамандарды іріктеу және орналастыру жұмыстарын қамтамасыз етті, -дейді «Қазақстан халқына» қоры басқару орталығының аға менеджері Зәуре Бәйменова.
Алматыдағы көпсалалы клиникада комбустиология саласына ерекше көңіл бөлінуде. Ал Хафиз Мақажанов атындағы ауруханада термиялық жарақат алған науқастарға сапалы әрі шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі артты. Аурухананың комбустиологиялық қызметін дамытуға 325 миллион теңге бөлініп, заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Бұл туралы мекеме бас дәрігері Зәуре Байменова мәлімдеді.
— Жаңа медициналық жабдықтар ауыр жағдайдағы науқастардың өмірін сақтап қалуға үлкен септігін тигізіп жатыр. Күйіктерді емдеу — травматология мен ортопедиядағы ең күрделі салалардың бірі. Мұндай науқастарды арнайы техникасыз емдеу — өте қиын әрі жауапты іс. Қордың қолдауымен ауруханаға үш арнайы күйікке қарсы кереует берілген. Бұл кереуеттер кварц құмымен толтырылған және төменгі бөлігінен қажетті температурада ауа беретін турбинамен жабдықталған. Сонымен қатар, кереуеттердің үстіне микроперфорацияланған парақ төселген — ол құмды өткізбейді, бірақ ауа еркін өтеді. Мұндай құрылым науқас денесіне «нөлдік ауырлықтағы» жағдайға ұқсас әсер береді. Осындай технологияның арқасында күйіктер жұмсақ әрі тиімді емделіп, науқас қатты ауырсынуды сезінбейді. Бұл емдеу барысында жаралар тезірек кебіп, зақымдалған тері қабатының жылдам қалпына келуіне мүмкіндік береді, -дейді Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың профессоры Берік Төлеубаев.
Саран қаласындағы Абай атындағы мектеп ауылдық білім сапасын арттыруға үлес қосуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тірек мектеп мәртебесіне ие болған білім ошағы бүгінде заманауи білім беру орталығына айналды. Бұл жобаның аясында мектепке үш магниттік жоба бекітілген. Мұндай өзара әрекеттесу ауылдық өңірлердегі оқушыларға сапалы білім алып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады.
— Алдын ала біз білім беру саласындағы өзекті мәселелерге терең талдау жүргіздік. Оның нәтижесінде ауыл мектептерін дамыту басым бағыт ретінде айқындалды. Төрт жыл ішінде Қазақстанның барлық аудан орталықтары, моноқалалары мен шағын қалаларын қамту көзделді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен осы бастама аясында 2023 жылы мектепті толық жабдықтауға 250 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда білім ордасында 22 оқу кабинеті заманауи парталармен және техникамен толық жарақталған. Бұған қоса, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) сыныптары мен спорт залы, ұлдар мен қыздарға арналған еңбекке баулу кабинеттері, сондай-ақ психологиялық және логопедиялық қолдау көрсетуге арналған арнайы бөлмелер де жабдықталып отыр, -деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоры басқару орталығының аға менеджері Зәуре Бәйменова.
Қарағанды облысында әлеуметтік қолдау бағытындағы ауқымды жобалар қарқын алуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірде жалпы құны 23,9 миллиард теңгені құрайтын 33 қайырымдылық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

