Қайтарылатын билет қымбат тариф пе? Әуе нарығындағы бастама пікірталас тудырды
Қазақстанда әуе билеттерін сатып алған кезде жолаушының құқығын кеңейтуге бағытталған жаңа ұсыныс қызу талқылануда. Мәжіліс депутаттары барлық әуе билеттерін қайтарылатын ету мәселесін көтерді. Алайда бұл бастама әуе тасымалы бағасының өсуіне алып келуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, егер барлық билет толық қайтарылатын форматқа көшсе, әуе компаниялары шығынды жабу үшін тарифтерді қайта қарауға мәжбүр болады. Себебі қайтарылған билеттердің құны рейстегі өзге жолаушылардың есебінен өтелуі мүмкін.
– Егер әуе билеттері толық қайтарылатын болса, туындаған шығындар рейстегі басқа жолаушылар арасында тең бөлінеді. Бұл өз кезегінде, билет бағасының қымбаттауына әкелуі ықтимал, – деді Көлік вице-министрі Мәжіліс депутатының сауалына жауап бере отырып.
Вице-министр бұл мәселенің әлі талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы шешім салалық сарапшылардың, халықаралық тәжірибенің және нарықтың мүмкіндіктері ескеріле отырып қабылданады. Сондай-ақ, билетті қайтару орынды болатын нақты жағдайлар айқындалуы тиіс.
Ал бастаманы көтерген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов билет бағасының қымбаттамайтынына сенімді. Оның айтуынша, Қазақстанда әуе билеттері қазірдің өзінде жоғары бағамен сатылып отыр, ал қайтарылмайтын билеттер жолаушылардың құқығын шектейді.
– Біз Кәсіпкерлік кодекске өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Ұшақтың кешігуі, борттың ауысуы секілді жағдайларда әуе компанияларының жауапкершілігін күшейту керек. Қазір олар ақшаны қайтарудың орнына үш айда пайдалануға тиіс сертификат береді. Егер оны уақытында қолданбасаңыз, қаражат күйіп кетеді. Бұл әділетсіз, – деді депутат.
Оның айтуынша, шетелдік тәжірибеде қайтарылмайтын билеттер көбіне акциямен сатылатын арзан тарифтерге ғана қатысты. Ал стандартты билеттерде жолаушының таңдау құқығы сақталады.
Әзірге бұл бастама нақты шешімге келген жоқ. Бір тарап жолаушы мүддесін қорғауды көздесе, екінші тарап әуе нарығындағы бағаның өсу қаупін алға тартады. Қалай болғанда да, қабылданатын шешім әуе қатынасын пайдаланатын мыңдаған азаматтың қалтасына тікелей әсер етпек.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

