Қайтарылған қаражат – халық денсаулығына

Президент тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтер есебінен Қарағанды облысындағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаражат бағытталды. Арнаулы мемлекеттік қордан өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау нысанын салу және жаңғырту үшін шамамен 7,5 млрд теңге бөлінді.

Аталған қаржының негізгі бөлігі Қарағанды қаласында бой көтеріп жатқан жаңа онкологиялық орталыққа бағытталды. Нысанның операциялық-реанимациялық блогын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге 6,2 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен 1,74 млрд теңге көлемінде бірлесіп қаржыландыру көзделген. Қазіргі таңда орталықтың құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Балқаш қаласында көпбейінді аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб құру жобасы іске асырылуда. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жобаның жалпы құны 1,27 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында ангиографиялық операциялық және қабылдау-диагностикалық бөлімшелерге арналған қосымша корпус салынуда. Құрылыс жұмыстары 96 пайызға аяқталып, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар Балқашта балаларды оңалту орталығы ашылады. Бұрынғы санаторий ғимаратын қайта бейімдеуге 272,1 млн теңге бөлінді. Орталықта стационарлық және амбулаториялық қызмет көрсетіліп, реабилитолог, невропатолог, логопед және емдік дене шынықтыру нұсқаушылары сынды тар бейінді мамандардан құралған көпсалалы команда жұмыс істейтін болады. Жобаны аяқтау 2026 жылдың ақпан айына жоспарланған.

Аталған жобалардың іске асырылуы өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе ангиографиялық бөлімшенің іске қосылуы инфаркт пен инсульт кезінде «алтын сағат» қағидасы бойынша шұғыл жоғары технологиялық көмек көрсетуге жол ашады. Ал оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар балалардың тұрғылықты жерінде үздіксіз ем алуына жағдай жасайды.

Айта кетейік, халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту – Мемлекет басшысы айқындаған Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамытуға жүйелі түрде ресурстар бөлінуде.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»