Аймақтың үлгілі отбасы анықталды

Қарағанды облысында ұлттың алтын қазығы, Отанның тәрбие ошағына айналған отбасылардың ең үлгілісі, ең таңдаулысы анықталды. Байқау Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өтті.

«Үлгілі отбасы» облыстық байқауында аймағымыздың аудан-қалаларынан келген жеті команда сайысқа түсті. Барлық отбасы аймақтық кезеңдердің жеңімпаздары.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – танысу. Отбасылар өздерін таныстырып, қазақтың дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын көрсетті.

Екінші кезең «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» команданың барлық мүшесіне арналған тапсырмаларды қамтыды, онда әрбір қатысушы қазақтың салт-дәстүрлері, қолөнері мен әдет-ғұрыптары туралы сұрақтарға жауап берді.

Үшінші кезең – жеңімпаздарды марапаттау.

Шара барысында отбасылық командалар қоғамда үлгілі отбасы болып, өзгелерге ой салар өнегесімен баршаны тәнті етті. Үлгі мен өнегесі артып тұрған отбасылардың сынында әділдік пен шындықты арқа тұтқан қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды.

Қорыта келе қазылар алқасы Осакаровка ауданынан келген Хавдрасал отбасын Қарағанды облысының үлгілі отбасы деп таныды. Отағасы өз әсерімен бөлісті:

– Байқау жоғары деңгейде өтті. Дайындық барысында біз көптеген пайдалы нәрсені еске түсірдік және білімімізді кеңейттік. Ұйымдастырушыларға рақмет! Біздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін осындай шаралардың көбірек болғанын қалаймыз.

Бірінші орынды Қарағандыдан Өтешевтер отбасы, екінші орынды Бұқар жырау ауданынан Мырзахановтар отбасы, үшінші орынды Шет ауданынан Арыстанбековтер отбасы иеленді.

– Мұндай байқаулар қажет, өйткені олар біздің балаларымыз бен немерелерімізді шабыттандырады. Барлық жеңімпазды құттықтаймыз және біздің жас ұрпақ табысты және мейірімді болады деп үміттенеміз, – дейді Арыстанбековтар отбасының өкілдері.

Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды, ал қалған қатысушылар көтермелеу сыйлықтарымен марапатталды.

«Үлгілі отбасы» байқауын Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы «Тіл – қазына» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырды. Биыл ол үшінші рет өтті.

Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұлттық тәрбиені жаңғырту және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ата-әжелердің рөлін анықтау.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»