Аймақ туризмі

Қарағанды облысында туризмді дамыту қарқын алуда. Өңірдегі басым бағыттардың бірі – қала маңындағы туризмді өркендету. Осы мақсатта өткен ақпараттық тур барысында Теміртау және Қарағанды қалаларындағы туристік орындар көрсетілді.

Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайы облысқа тән инновациялық мекемелердің бірі ретінде туристердің ерекше назарын аударды. Мұражай қорында Қазақстан мен Теміртау қаласының тарихын айғақтайтын құнды этнографиялық, археологиялық, нумизматикалық жәдігерлер мен құжаттар сақталған. Бұл инфотур – Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаның бір бөлігі.

– Бізде Қарағанды облысында екі негізгі аймақ бар – Балқаш және Қарқаралы аймақтары. Бірақ қала маңындағы туризм де дамып келеді. Мәселен, Теміртау қаласындағы Самарқанд су қоймасының жағалауы жергілікті тұрғындар мен туристер үшін демалыс орны ретінде танымал. Сонымен қатар, мәдени орталықтар мен басқа да демалыс орындарына баруға мүмкіндік бар, – деді  Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы Асхат Тілеубаев.

Теміртаудың ғана емес, бүкіл өңірдің көрікті жерлерінің бірі – «Тұңғыш Президент» мұражайы. Мұражайда тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуын бейнелейтін 6 экспозициялық зал бар. Туристерді қызықтыратын тағы бір орын – қысқы бақ, онда көптеген қызықты дүние ұсынылады. Ақпараттық тур аясында Самарқанд су қоймасындағы туризмді дамытудың негізгі нүктелері бойынша шолу жасалып, презентациялар ұсынылды.

– Бұл өңірдің әлеуеті зор, көптеген көрікті жер бар. Алайда, ақпараттандыру жеткілікті деңгейде емес. Теміртау қаласының туристік әлеуетін ашу үшін осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет, – дейді Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі әрі туризм бойынша гид Алтын Баймулдинова.

Қарағанды облысының туризмге арналған орындары сан алуан. Қарағанды қаласының айналасында 75-тен аса демалыс орны бар, олар қала тұрғындары мен қонақтарына бос уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өңірде 16 мұражай қызмет етеді, ал Қазақстанның тарихи нысандарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген 2 700-ге жуық археологиялық және сәулет ескерткіші бар, олардың 22-сі республикалық маңызы бар. Бұл туристік әлеуетті толық пайдаланса, Қарағанды облысы қазақстандық және шетелдік туристерді тартуда маңызды орынға айналуы мүмкін.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»